Оралда «Журналистика мәселесі журналистер көзімен» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы болды
ОРАЛ. 19 маусым. ҚазАқпарат - Баспасөз қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында 19 маусым күні «Жайық Пресс» ЖШС залында «Журналистика мәселесі журналистер көзімен» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы болды.
Аталмыш басқосуда «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің атап өткеніндей, қазіргі кезде өңірлерде журналистика кадрларының жетіспеушілігі байқалады. Оларды баспанамен қамту, жоғары жалақы белгілеу күн тәртібінен түспей тұр. Соңғы кезде екі облыстық, он бір аудандық газетті біріктірген аталған серіктестікте өңір журналистерінің шеберлігін арттыру, ақпаратты жедел алып, сайтқа орналастыру, басылымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, олардың тарихын зерттеу бағытында бірқатар шаралар атқарылды.
Дөңгелек үстел отырысында көп жыл облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясына басшылық еткен ардагер Мәжит Қайырғалиев, облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова, Қазақстан Журналистері одағы БҚО бөлімшесінің төрағасы Ибрагим Жүсіпқалиев және басқалар өз ойларын айтып, нақты пікірлерін білдірді. Басқосуда айтылған ұсыныстар жинақталып, мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы және өкілді органдар назарына ұсынылатын болады.