Оралда жыл басынан бері телефон алаяқтарына қатысты 93 факті тіркелді
ОРАЛ. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Орал қаласында жыл басынан бері телефон алаяқтарына қатысты 93 факті тіркелді.
Орал қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлованың айтуынша, соның бірі жуырда ғана орын алды. «Ет комбинаты» ауданы №88 үй тұрғыны, 1957 жылы туылған Н. есімді азаматшаның үй телефонына түн ішінде белгісіз біреу қоңырау шалып, азаматшаның есімін атайды. «Иә, менмін» деген азаматшаға телефонның арғы жағындағы белгісіз жан ұлының есірткі затымен және қарумен ұсталғанын, оған көмектескісі келіп тұрғанын айтады. Сол үшін көп көлемде билайн және актив карточкаларынан бірліктер салуын талап етеді. Телефон алаяғының бұл азаматшаның сеніміне кіргені сондай, тіпті үйінде, қолында жиып-терген қанша қаражаты бар екенін де сұрап біліп алады. Осылайша, ұлының амандығын тілеп, етегі жасқа толған азаматша көшеге шығып, такси ұстайды. Сондағы мақсаты қала ішіндегі 24 сағат бойы үздіксіз қызмет көрсететін сауда орындары мен азық-түлік дүкендерін аралап билайн мен актив бірліктері толтырылған карточкалар сатып алу еді. Қаланы кезіп, 240 дана актив пен билайн карточкаларын 141 мың теңгеге сатып алып, әупірімдеп таксимен үйіне жетеді. Таксиске 4 мың теңге береді. Құлап сүріне үйіне жетіп, жаңағы телефон тұтқасының арғы жағындағы белгісіз біреуге сатып алған бірліктерді қара бақыр тиынмен сүртіп, код нөмірлерін тақпа-тақ айтып береді. Белгісіз азамат жазып отырады. Сонымен, барлық карточкаларды сүртіп, айтып болғанша, бақандай үш сағат уақыты кетіпті. Үзіліссіз айтқан азаматша шаршайды, жүйкесі жұқарады, әлі құрып, ұлын бір көруге, көрмек түгілі, дауысын естуге зар болады. Барлық бірліктерге ие болып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болған белгісіз біреу дереу телефон тұтқасын қоя салады. Ал Н. есімді азаматша апыл-ғұпыл ұлына хабарласса, ол бейқам күйде ұйықтап жатқан көрінеді. Санын соғып, алаяққа алданғанын сонда біледі, бірақ уақыт тым кеш еді.
Аталған азаматшаға барлығы 164 мың теңге көлемінде материалдық залал келтірілген. Қазіргі таңда осы аталмыш қылмыстық іспен Орал қалалық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімшесі айналысуда, ҚР ҚК 177-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Орал қалалық ішкі істер басқармасы криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Нұрлан Закиннің сөзіне қарағанда, телефон алаяқтарына алданатындар негізінен әйел азаматшалар екен. «Телефон алаяқтары ұңғыт, адамның психологиясын жақсы біледі. Қаншама жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттар берілсе де, кейбір қала тұрғындары телефон алаяқтарының құрбаны болуда», - дейді Нұрлан Тарғынұлы.