Оралдағы кафеде тарақан жүр: жеке кәсіпкерге әкімшілік іс қозғалды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы «Шашлыкоff» кафесінде тарақан жүргені жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Қоғам белсендісі Алмагүл Иқсанованың мәлім еткеніндей, тарақан анық көрініп тұр.
— Мен бейнедәлелді келтірдім. Санитарлық талап бұзылған. Алайда тексеру белгілі бір уақыт өткеннен кейін жүргізілген, бұл мерзімде нысанды дайындап қоюы мүмкін еді. Санитариялық-эпидемиологиялық басқарма нақты дәлелді ескермей, азаматтардың арыз-шағымын объективті қарау жөніндегі заңнама талаптарын бұзды деп есептеймін, — деді А.Иқсанова.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне арнайы сауал жолдады.
Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, А.Иқсанованың шағымы қаралған.
— Аталмыш материалдар негізінде «Шашлыкоff» гриль-барына қатысты жеке кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне (халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Орал қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы барлық шағымдарды өз құзыреті аясында және қолданыстағы заңнама аясында қарауды қамтамасыз етеді, — делінген ресми жауапта.
Аталған бап бойынша заңбұзушылық анықталса, жеке тұлғаларға — 20, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 160, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 210, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1 600 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында 70 адамнан сальмонеллез анықталғанын жазған болатынбыз.