Оралдағы Мәншүк Мәметова музейі жаңа жәдігерлермен толықтырылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында орналасқан Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейінде қазіргі таңда 10 856 экспонат бар.

Музей меңгерушісі, өлкетанушы Ахмедияр Батырхановтың мәлім еткеніндей, 1982 жылы 7 шілдеде ашылған кезде небәрі 300 жәдігер болған еді.
Ахмедияр Қуанұлының айтуына қарағанда, музей қоры жаңа экспонаттармен толықтырылып келеді.

— Биыл Ресейдің Псков облысы Невель қаласында облыс делегациясы құрамында болған кезде Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапқан Заиванье деревнясына бардық. Невельден 27 шақырымда екен. Міне, сол жерден «Максим» пулеметінің оғы салынатын жәшік, траншеядан тікенді сым және топырақ алып қайттық, — дейді музей меңгерушісі.


Осы жәдігерлерді берген «Гвоздика» іздеу тобы жетекшісінің орынбасары Иван Малаховтың айтуынша, 1943 жылы 15 қазандағы соңғы шайқасында Мәншүк Мәметова траншея ішінде жүгіріп жүріп, жауға бірнеше пулеметтен оқты қарша жаудырған. Батыр қыз ерлікпен қаза тапқан жердегі тікенді сым осы күнге дейін сақталған екен.

Невельден, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында Сталинград майданының жақын тылы болып, соғыс жағдайында деп жарияланған екі ауданның бірі — Жәнібектен жеткізілген басқа да бұйымдар мен заттар баршылық.

Ахмедияр Батырхановтың мәлімдеуінше, жәдігерлердің бәрін бір мезгілде көрмеге қою мүмкін емес. Олардың көпшілігі қорда сақталады. Майдангерлердің мерейтойлық іс-шараларына байланысты дөңгелек үстел, ұрпақтарымен кездесулер өткізілген кезде жәдігерлер жылжымалы көрмеге қойылады. Бұрын музей жанындағы «Майдангер» («Фронтовичка») клубында 69 ардагер әйел болған. Клубтың соңғы мүшесі Алевтина Митрохина өткен жылы дүниеден озды.


— Майдангерлердің жақын туыстары жәдігерлерді тапсырып жатады. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыста әскери дәрігер болған Хамза Зинуллиннің інісі Жасұлан ағасының шинелін, шеруде киетін киімін, үш ордені мен медальдарын табыс етті. Бұлардың бәрі де кейінгі ұрпақ үшін құнды, — деді Ахмедияр Батырханов.
Қазіргі кезде Мәншүк мұражайында Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінен жарты жылға әкелінген, батыр қыз пайдаланған самаурын көрмеде тұр. Жәдігер Мәншүктің анасы Әмина Мәметова тапсырған самаурынның жанына қойылған.

БҚО тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Ажар Берікқалиқызының баяндауынша, батысқазақстандықтар Павлодар қаласына жылжымалы көрмемен барған екен.


— Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің сөзінен білгеніміздей, 2014 жылы Ресейдің Псков облысы Невель қаласына Павлодар қаласынан арнайы экспедиция ұйымдастырылған. Сирек жәдігер — Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі самаурын Невель қаласында сақталған. Самаурын даңқты 100-ұлттық атқыштар бригадасының иелігінде болған. Онымен қаруластарымен бірге батыр апамыз шай ішкен. Экспедиция құрамында болған «Майдан жолы» іздестіру жасағының мүшесі Жұмабек Қамзин бірнеше жәдігермен бірге самаурынды алып келіп, Павлодар музейіне тапсырған. Енді бұл жәдігерді Мәншүк Мәметова музейіне келгендер алты айдай тамашалайтын болады, — дейді Ажар Берікқалиқызы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мәншүк Мәметоваға алғашқы ескерткіш қалай орнатылғанын жазған едік.