Оралдан «Қазақстан аруы - 2015» байқауына қос ару қатысады (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биылғы желтоқсан айында өтетін «Қазақстан аруы - 2015» ұлттық байқауына Оралдан Вероника Залата мен Қаламқас Файзолла қатыспақшы.

Оралдан «Қазақстан аруы - 2015» байқауына қос ару қатысады (ФОТО)

Олар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының залында өткізілген «Орал қаласы аруы - 2015» байқауында озып шықты. Қала күніне орай Жұлдыз Құспанова жетекшілік ететін «Star Models Studio» атты сән агенттігі ұйымдастырған байқауға барлығы 12 ару қатысып, бақ сынады. Бірінен-бірі өтетін сұлулар өздерін таныстырумен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай түрлі ұлттардың ұлттық киімдерімен, сондай-ақ «Мария ханым» сән үйінің киім үлгілерімен сахнаға шықты. Көрермендер тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, өз өре деңгейлерінің қаншалықты екендігін көрсетті. Шығармашылық сыннан да мың бұрала билеп, сәтті өте білді.

Сайыс қорытындысында он сегіз жасар Вероника Залата «Орал қаласының аруы - 2015» байқауының бас жүлдесін жеңіп алса, Қаламқас Файзолла - бірінші, Сәулеш Бисемалиева екінші орынды иеленді. Сонымен қатар арулар түрлі аталымдар бойынша да марапатталды. Жеңімпаз-жүлдегерлерге Орал қаласы әкімдігі тарапынан бағалы сыйлықтар тапсырылды.