Оралдан Ташкентке қатынайтын әуе рейсі тоқтатылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Оралдан Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына әуе рейсі ұшпайтын болды.
«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Centrum Air әуе компаниясы 5 шілдеден бастап рейсті тоқтатқанын хабарлаған.
Себебі — Орал мен Ташкент арасында қатынайтын жолаушылар мардымсыз, түсіп жатқан қаржы аз.
Аталмыш компания осы бағыттағы тікелей рейсті биылғы 23 наурызда ашқан болатын. Ұшақ бастапқыда аптасына екі рет қатынады. Кейін тек жексенбі күндері ғана ұшты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ташкент — Орал бағытында жаңа әуе рейсі ашылатынын жазған едік.
Сондай-ақ Оралдан Атырауға ұшатын рейс тоқтатылды.