Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында ірі есеппен «Каспийді» ұтты
ОРАЛ. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші лигасында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» қыркүйектің 28-інде өз алаңында Ақтаудың «Каспийін» қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алаң иелерінің басымдылығымен өткен ойынның 32-минутында «Ақжайықтың» шабуылшысы Алексей Мальцев 11-метрлік айып добын дәл орындап, есеп ашты. Арада бір минут өтпей жатып Сергей Шевцов есепті еселей түсті.
Екінші таймда Эльдар Абдрахманов мергендік танытып, есепті 3:0-ге жеткізді. Сөйтіп «Ақжайық» 46 ұпай жинап, бұл турға қатыспаған Алматының «Қайратын» қуып жетті.
Оралдықтар келесі кездесуін қазанның 1-інде өз алаңында «Ақтөбе-Жас» командасымен өткізеді.