Оралға қала күніне орай Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмахан келмек

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда биыл қала күніне арналған негізгі мерекелік шаралар 2-10 қыркүйек аралығына жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. 

Оралға қала күніне орай Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмахан келмек

Оның айтуынша, түрлі байқауларға қоса 2 қыркүйек күні Жайық өзені жағалауында «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалі болмақ. Келесі күні Салтанат сарайы жанында «Автотюнинг шоу» шарасы өтсе, 4-10 қыркүйекте отандық фильмдер көрсетілімі апталығы болмақ. 6 қыркүйекте Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында Орал қаласы әкімінің кубогына арналған КВН, келесі күні қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Домбыра PARTY» фестивалі өтеді.
null

8 қыркүйек күні Орал қаласы әкімінің кубогы үшін волейболдан «Достық-Дружба» халықаралық турнирі басталып, кешкісін П.Атоян атындағы стадионда Қазақстанның эстрада жұлдыздары Төреғали Төреәлі, Ерке Есмахан және Сон Паскальдың қатысуымен концерттік бағдарлама қойылады.

9-10 қыркүйек күндері облыстық қазақ драма театрында «Орал аруы - 2017» байқауының жеңімпаз-жүлдегерлері анықталып, шағын сәулеттік пішіндер мен мүсіндер ашылады. Жайық өзеніне бекіре балықтары жіберіліп, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі. Ал қала күніне арналған ретро-фестивальға Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болман қатысады.