Ораза - мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі

АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін күллі мұсылман әлемі үшін қасиетті, он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол - Рамазан айы басталды.
None
None

Рамазан айы жайында «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы: «Бұл айда Құран бастан-аяқ қайта-қайта хатым жасалып, әр-әр жерде оның қасиетті үні ғажайып сұлу әуенмен оқылып, көкке шалықтап жатады. Құлдың жасаған жақсылығын періште атаулы жарыса жазып, тіпті ораза сауабын өлшеп жазуда қалам тоқтап, тек «ораза ұстады» деген баяндаумен ғана шектеледі де, берілетін сауаптың мөлшері Ұлы Құдірет Иесінің құзырына аманатталады. Құдси хадисте Аллаһ Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза - Мені мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де тамаша» деп, оразаның зор сауабынан хабар беріп сүйіншілеген», - дейді.

Оразаның сөздік мағынасы - бір нәрседен алыстау. Шариғат терминінде ораза - ұстауға күші жеткен адамның ниет етіп, екінші шапақтан бастап, күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден сақтануы. Ораза белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу. Мұның парызы - ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану.

Рамазан оразасы - Исламдағы бес парыздың біреуі. Оған Құран мен сүннет дәлел. Құранда Аллаһ Тағала былай дейді: «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» (Бақара, 2/185). Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Аллаһтан басқа құдай жоқ екеніне, Мұхаммедтің Аллаһтың құлы және Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келгендерге қажылыққа бару (Бухари, Иман, 34).

Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды.

Оразаның аузы берік адамға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық пайдалары бар. Ораза - елдегі дәулетті адам мен жоқ-жітік арасында байланыс жасайды.

Ораза ұстағандар үшін мұстахап нәрселер

Ораза ұстағандарға мына нәрселерді жасау - мұстахап.

1. Бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп-жеу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл тұрғыда: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар» (Бухари, Саум, 20). Басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы - берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Аллаһ сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді» (Ахмед б. Ханбәл, ІІІ, 44), - дейді.

Екінші шапақ атқанға дейін сәресіні кешіктіру де мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Үмбетім ауыз ашарда асығып, сәресіні кешіктірген уақытта әрқашан жақсылықта» (Бухари, Саум. 45), - деген.

2. Ауызды ақшам намазынан бұрын ашу. Намазда адамның көңілі ауыз ашуға ауып тұратындықтан, ауыз ашуға асығу - мұстахап. Бұған жоғарыда айтылған хадис куә. Сонымен қатар, ауызды құрма немесе сумен ашу - сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осылай ашқан.

3. Ауыз ашарда мына дұғаны оқу - сүннет: «Аллаһумма ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә әләйкә тәуәккәлту уә әлә ризқикә әфтарту уә сәумәл ғади мин шәһри Рамадан нәуәйту, фәғфирлии мә қаддәмту уә мәә әххарту». Мағынасы: «Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».

4. Аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқ-жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру - мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді.

5. Таң уақыты кірмей жүніптік, хайыз және нифастан тазалану: Мұндағы мақсат - оразаны таза бастау. Бірақ аузы берік тұрып, жуынуға да болатынын ескере кетейік. Мұндай кезде судың тамаққа кетіп қалмауын қатты қадағалау керек. Әйелдің хайыз яки нифас мерзімі түнде аяқталып, оразаға ниет етсе және жүніп кісі жуынбай ораза ұстаса, оразасы жарамды.

6. Аузы берік адамның жақсы сөздер сөйлеуі, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап байсалдылық танытуы - мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жалған сөйлеу мен жалған сөздермен әрекет етуді қоймаған адамның ішіп-жеуді ғана доғаруы Аллаһқа қажет емес (Ахмед ибн Ханбәл, VІ, 34). Басқа бір хадисінде: «Небір ораза ұстағандар бар. Олардың оразасында шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайдасы болмайды. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ бұл әрекетінен ұйқысыздықтан басқа ешқандай пайда таппайды» (Ибн Мажә, Сиям, 21). Сонымен қатар, Рамазанда «Мен оразамын» деу - сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін (Бухари, Саум, 2).

7. Аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, ғылыммен, Құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанда Жебірейіл екеуі бір-біріне кезекпе-кезек Құран оқып, тыңдасатын» (Бухари, Бәдул-Уахи, 5).

8. Жалпы Рамазан айының ең соңғы он күнінде иғтиқафқа кіру - сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанның ең соңғы он күнінде көп ғидабат жасайтын (Муслим, И'тиқад, 8).

Аузы берік кісіге мәкрүһ және мәкрүһ емес нәрселер

1. Себепсіз бір нәрсенің дәмін тату немесе шайнау - мәкрүһ. Бұл оразаның бұзылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ көп кісіге пісірілген тамақтың дәмін қадағалау үшін, тамақтың дәмін көріп, түкіріп тастауға болады. Дәмін татқан уақытта тамаққа кетпеуі шарт.

2. Аузы берік кісіге сулы мисуакты қолдану - мәкрүһ.

3. Дәрет алған кезде аузына, мұрнына суды көп пайдалану - мәкрүһ.

4. Бал немесе май секілді сатып алатын нәрселердің қандай екенін білу үшін дәмін татып көру - мәкрүһ.

5. Шайналып тәттісі кеткен ақ сағызды шайнау - мәкрүһ. Ал жаңасын шайнауға мүлдем болмайды.

6. Аузы берік адам әлсіреп өзін сақтай алмайтындай болса, қан алдыруы - мәкрүһ. Егер көтере алса, мәкрүһ емес. Ең жақсысы, күн батқан соң қан алдыру.

7. Рамазанда қатты ыстықтап салқындау үшін ауыз бен мұрынды сулау және суық сумен жуыну - Әбу Юсуп бойынша, мәкрүһ емес. Өйткені, мұндай уақытта адамға жеңілдік туады. Фәтуа осы үкімге берілген.

8. Өзіне сене алмаған аузы берік жанның әйелін сүюі - мәкрүһ. Өзіне сенсе, мәкрүһ емес. Хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) зайыбын сүйгені және әзілдегені жайлы айтылады (Ибну Мажә, Сиям, 19).

9. Аузы берік адамның жүніп күйінде таң атыруы немесе күндіз ихтилам болуы оразаға зияны жоқ.

10. Аузы берік жанның гүл не әтір секілділерді иіскеуі, сүрме жағуы, мұртын майлауы - мәкрүһ емес.

Оразаны бұзбайтын жағдайлар

1. Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей жыныстық қатынаста болу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай толықтырсын. Өйткені, оған жегізген де, ішкізгенде - Аллаһ» (Муслим, Сиям, 171). Басқа бір хадисте: «Рамазанда ұмытып оразасын бұзған адамға қаза да, кәффарат та керек емес» ( Ибн Мажә, Сиям, 15), - делінген. Ұмытқан адам есіне түскен кезде дереу тоқтатуы керек.

2. Бір адам таңертең жүніп болып тұрса және кешке дейін де осылай жүніп күйінде жүрсе, оразасы бұзылмайды. Бірақ, әлбетте, намаз оқу үшін ғұсыл алу парыз. Аллаһ Құранда: «Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар» (Маида, 5/6), - дейді.

3. Қан алдыру немесе сүлік салдыру оразаны бұзбайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қажылықта аузы берік кезінде қан алдырған (Бухари, Тыбб, 11).

4. Құлаққа су кіру, бұлық ағу оразаны бұзбайды.

5. Көзге, құлаққа дәрі тамызу немесе көзге сүрме жағу оразаны бұзбайды.

6. Мисуак оразаны бұзбайды. Өйткені, мисуак қолдану - сүннет. Тіпті тіс пастасын қолдану да оразаны бұзбайды. Бірақ ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып жуу.

7. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт.

8. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет.

9. Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, оразаға зиян бермейді. Бірақ бұларды әдейі ішіне тартса, ораза бұзылады.

10. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсе тамаққа кетсе, ораза бұзылмайды.

11. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды. Гүл, әтір секілді жақсы иістерді иіскеу оразаға зиян бермейді.

12. Еріксіз құсу (ауыз толы құсық болса да) оразаға кедергі жасамайды. Және оның еріксіз ішке қайта кетуі де.

13. Салқындау үшін жуыну, жүзу немесе ылғалды бір көйлек кию оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтпастан суға батып жүзу қиын болғандықтан түспеу абзал.

Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға фидия беру - уәжіп. Бұлар - ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер. Олар оразаның орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Фидияны ақшалай беруге де болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Құранда Аллаһ Тағала «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір жарлының тамағын төлесін», - дейді. Ибн Аббас бұл аят жайлы былай дейді: «Аят кәрі адамдар үшін түскен. Оразаны өтеу - парыз». Дегенмен, кейбір қариялар жоқ-жітікті тамақтандыруға шамасы келмесе, Аллаһтан кешірім тілейді. «Аллаһ адамға көтере алмайтын жүкті бермейді». Сол секілді жазылмайтын науқасқа да фидияның уәжіп болғаны жайлы Ислам фақиһтері арасында ауызбірлік бар. Мұндай адамға ораза ұстау парыз емес. Оған мына аят дәлел: «Аллаһ сендерге дінде қиыншылық жасаған емес».

Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы muslim.kz сайтында жарық көрген «Рамазан қандай ай?» деген тақырыптағы мақаласында: «Иә, Рамазанда Жаратқанның құлдары жаппай ораза ұстайды. Ораза - тек ішім-жемге ауыз бекіту емес, Ұлы Құдірет разы болмайтын барша істерден тыйылып, күллі жаман ойлардан арылу. Сондықтан, бұл айда мұсылман баласы жүрек түкпіріне түрлі арам ойлардың уақытша ұялауына да жол бермей, нәпсімен айқаста күндей күркіреп, найзағайдай жарқылдайды. Барша дене-мүшелеріндегі жағымсыз қылықтар мен әрекеттерге кісен салып бағады. Бұл айда оның көзі тек ақиқатқа ғана ашылып, құлағы тек жақсы насихатты ғана тыңдайды. Тілі бос сөздерге күрмеледі де, небір жақұт-маржан жақсы сөздерге ағытылады. Қолы тек адал ұстап, аяғы тек сауап іздеп, жақсылыққа жүгіреді. Мұндай жандардың жадында әрдайым Хақ Елшісінің (с.а.у.): «Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Аллаһ Тағала ондай адамның тек ауыз бекіткеніне мұқтаж емес» деген салмақты ескертулері жаңғырып тұрады. Ораза - мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Сондықтан, Жаратқанның құлдары бұл айда әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған небір сорақы іс әрекеттерін көріп, ашу шақырар сөздерін естісе де, жарылуға шақ қалған нәпсісіне «Мен оразамын» деген жалғыз ауыз сөзбен тоқтау салып, сабырға шақырады. Мұндай күтпеген сөзбен соққы алған сол әдеп білместердің өзі де терең ойға шомып, тәубасына келеді», - дейді.

Адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған Рамазан айы құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай!

Соңғы жаңалықтар