Ордабасы ауданында қойшы өзіне сеніп тапсырылған 230-дан астам малды сатып жіберген

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Ордабасы ауданында қойшы өзіне сеніп тапсырылған малды 16 млн теңгеге сатып жіберген. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Департамент таратқан мәліметтерге қарағанда, Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Ер адамның айтуынша, ол өзі басқарып отырған жайылымдық жердегі қойшыға асыл тұқымды малдарын сеніп тапсырған.

Алайда, мал басын түгендеуге барғанда, олардың толық емес екендігін байқаған. Осылайша жәбірленушіге келген шығын көлемі 16 380 000 теңге.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды.

Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына шұғыл шықты. Полиция аталмыш қылмысқа күдікті ретінде жәбірленушінің қой бағып жүрген жұмысшысын ұстады. Ол Арыс ауданының тұрғыны болып шықты.

Анықталғандай, сезікті ер адам 2021 жылдан бері 230-дан астам ұсақ малды 4-5-еуден сатып отырған, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция қызметкерлері оқиғаның толық мән-жайын анықтауға кірісті.

«Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға малдарын бейтаныс адамдарға бақтырмауға кеңес береді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше малды таңбалап, сырғалап, ен салдыру керек»,-делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар