Орынбор облысындағы Ирекли қоймасынан үлкен көлемде су жіберілмеуі мүмкін
АТЫРАУ. KAZINFORM — Ресейдің Орынбор облысындағы Иректі су қоймасынан 10 наурыздан бері секундына 201 текше метр су жіберіліп жатыр. Алайда алдағы уақытта үлкен көлемде су жіберілмеуі мүмкін.

Көктемгі су тасқынына байланысты Атырау және Орынбор облыстары арасында әріптестік байланыс орнатуға қадам жасалды. Бұл мәселе Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пен Орынбор облысы губернаторының Игнат Петуховтің кездесуінде қозғалды.
Кездесу Орынбор облысында өтті.
Орынбор облыстық гидрометеорология орталығының басшысы Василий Мещериннің мәліметінше, алдын ала болжамға сәйкес қардың қазіргі қоры көпжылғы орташа мән деңгейінен төмен екені анықталып отыр. Алайда өзендерде сең жылдағыдан 6-12 күнге ерте жүруі мүмкін.
Орынбор облысындағы Төменгі Еділ су бассейні басқармасы су ресурстары бөлімінің жетекшісі Сергей Ридельдің айтуынша, 10 наурызда Ирекли су қоймасынан жіберілген судың мөлшері секундына 201 текше метрге дейін жеткізілген.
— Су қоймасында 27 наурызға дейін 1,2 млрд текше метр орын босайды. Тасқын кезінде 0,9-дан 1,5 млрд текше метрге дейін су келетініне болжам жасалды. Су қоймасында босаған орын су тасқынының қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді. Максималды деңгейде су жіберудің қажеттілігі туындамайды, — дейді Сергей Ридель.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы Ойыл және Жем өзендерінде су тасу қаупі барын жазған едік.