Орынборда Ирекліден Жайыққа су мол көлемде жіберіліп жатқаны рас па

ОРАЛ. KAZINFORM – Орынбор облысында Иреклі қоймасынан Жайық өзеніне 15 қаңтардан бастап секундына 90 текше метр су жіберіле бастады.

 Орынборда Ирекліден Жайыққа су мол көлемде жіберіліп жатқаны рас па
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Осыған дейін Жайыққа секундына 60 текше метр су жіберіліп келген болатын. Әлеуметтік желіде қаңтар айында секундына 90 текше метр судың жіберілуі соңғы 40 жылда болмағаны жөнінде ақпарат тарады.

- Мұның себебі – Жайық өзені бассейніндегі қар көлемі нормадан 180-220 пайызға жоғары. Сондай-ақ наурыз айында ауа райы 7-8 градусқа жылы болады деп болжанып отыр. Сол себепті Орск, Орынбор, Соль-Илецк, Қуандық тұсында жағалаудағы аумақтарды су басу қаупі төнуі ықтимал, - делінген онда.

Kazinform тілшісінің сауалына орай «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры міндетін атқарушы Рауан Хұсайыновтың мәлім еткеніндей, Төменгі Еділ бассейндік су басқармасы Орынбор облысы бойынша су ресурстары бөлімінің мәліметіне қарағанда, ақпан айының басында алдын ала болжам шығады. Соған дейін осындай жұмыс режимі сақталады.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапанов аталмыш мәселеге байланысты ресейлік әріптестерімен үнемі байланыс ұстап отырғанын жеткізді. Олардың сөзіне қарағанда, көршілес Орынбор облысында жағдай қалыпты.

- Нақты болжам алдағы ақпан айында белгілі болады. Қазіргі таңда «Қазгидромет» РМК қызметкерлері БҚО ТЖ департаментімен бірге облыстағы көктемгі су тасуға бейім өзендерінің бассейндерінде қар жамылғысының биіктігін, тығыздығын анықтау бойынша маршруттық тексерістер жүргізді. Оның қорытындылары кейін беріледі, - деді Т.Шапанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан үлкен көлемде су жіберілмеуі мүмкін екендігін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да сумен тиімді қамтамасыз ету бағытында бірнеше жоба қолға алынды.

Соңғы жаңалықтар