Өркендеп келе жатқан қазақстандық бизнесте ең маңыздысы - өзінің игі дәстүрлері мен әлеуметтік бағдарлығы пайда бола бастады - Н.Назарбаев
ҚР Президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, рәсімде сөйлеген сөзінде, Президент «Парыз» конкурсының басты мақсаты, жақында өткізілген «Алтын сапа» конкурсы тәрізді - отандық бизнестің дамуына, қазақстандық тауарлар сапасы мен Қазақстанның бәсекеге қабілеттігіне кең көлемде жоғары қарқын беру екенін атап өтті.
«Парыз» конкурсына тапсырыс берушілердің қатарының артуы бизнесмендердің мемлекеттің дамуы мен қазақстандықтардың ахуалының нығаюына өз үлестерін қосуға деген ұмтылысын білдіреді. Бұл сондай-ақ осы маңызды міндетке қоғамның қызығушылығы артып отырғанының куәсі.
Тек «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымы бойынша конкурсқа қатысқандардың 75-тен астамы әлеуметтік жоба ретінде жүзеге асырылған, оның жалпы құны 30 миллиард теңгеден асады.
Көптеген жоба ауылдық жерлерде жүзеге асырылуда. Бизнесмендер рухани тұрғыдағы тәрбие мен жеке тұлғаның дамуын, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуды ұмыт қалдырмаған. Кәсіпкерлер демеушілікпен және қайырымдылық айналысады. Көптеген компания өңірлердегі әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі мақсатты бағдарламаларды жүзеге асырып келеді.
- Яғни, біз Жезқазғандағы форумда берген тапсырмалар өз жемісін беруде. Халықтың проблемасын шешуге, адамдардың жағдайын нақты жақсартуға атсалысқандарды нағыз кәсіпкерлер деп есептеуге болады. Еліміз болып Қазақстанды дамытуға өз үлестерін қосуға ұмтылған кәсіпкерлерді барынша қолдауға тиіспіз, - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Президент конкурстың гран-приін 2009 жылдың қорытындысы бойынша «Әлеуметтік жауапкершілік көшбасшысы» деп танылған «Торғай-Петролиум» акционерлік қоғамына тапсырды.
Сондай-ақ, 27 кәсіпорын «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы», «Үздік ұжымдық шарт», «Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорын» аталымдары бойынша лауреат атанды. Әрбір аталым үш санатқа бөлінген: шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері.
Елбасы өзінің сөйлеген сөзінде, атап айтқанда былай деді: «Парыз» деген сөз қасиетті борыш, азаматтық міндет деген қастерлі ұғымды білдіреді. Сондықтан бұл сөздің рухани мәні зор, азаматтық жауапкершілігі қомақты.
Халық арасында «Елге қызмет - баршаға міндет» деген ұлағатты сөз бар. Азаматтық парызды өтеу - ел алдындағы қарызды өтеу!
Біздің кең пейілді, жомарт мінезді халқымыз жетім-жесірге, кедей-кембағалға, жоқ-жітікке қол үшін созып, мұқтаж жандарға жәрдем беруді қашанда өзінің қастерлі парызы санаған. Мұндай қайырымды шараға сауабы мол іс деп қараған. Осы игі дәстүр бүгін де заңды жалғасын тауып келеді.
Тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бері мемлекетіміз әлеуметтік мәселелерге баса көңіл бөліп келеді. Қандай қиын кезеңде болмасын елімізде зейнетақы үзбей төленді, жастар мен қарттарға көмек көрсетілді, ана мен балаға қолдау жасалды.
Жаһандық дағдарысқа байланысты күрделі кезеңді бастан өткергеніне қарамастан қазір де Қазақстан жұмыссыздықтың алдын алып, азаматтарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ете білді.
Әлемдегі кейбір үкіметтер дағдарып, алпауыт компаниялардың іргесі шайқалып жатқан кезде біз дағдарыстан дамуға, жасампаз істеріміз арқылы жаңаруға бет алдық.
Мен еліміздің барлық аймақтарын аралап шықтым, өңірлерде жұртшылықпен кездестім, таяуда тікелей желі арқылы халықпен жүздестім. Ісіміздің ілкімділігі, бірлігіміздің бекемдігі арқасында біздің еліміз жаһандық ауыртпалықты аса сезіне қойған жоқ. Халқымыздың әлеуметтік жағдайы да жыл өткен сайын жақсара түсуде.
Сол игі іске сіздердің - кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерінің қосқан үлесі қомақты.
«Қолы ашықтың - жолы ашық» дейді дана халқымыз. Сын сағатта сырбаздық танытып, көмек қолын созғандарыңыз үшін сіздерге алғыс білдіремін.