Орман өрті: Испанияда XI ғасырдағы корольдердің сүйегі ғибадатханадан шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Испания билігі бейсенбіге қараған түні елдің солтүстік-шығысындағы Арагон аймағында орналасқан, орман өрті ошағына жақын ғибадатханадан XI ғасырда өмір сүрген үш корольдің сүйегін қауіпсіз жерге көшірді, деп жазады Associated Press.
Қалдықтар X ғасырда салынған Сан-Хуан-де-ла-Пенья монастырынан шамамен 80 шақырым оңтүстіктегі музейге жеткізілді. Аймақ билігінің мәліметінше, жұма күні монастырь өрттен зардап шекпеген. Монастырьдан басқа да құнды заттар, соның ішінде картиналар, діни рәсімдерге арналған бұйымдар және XVIII ғасырдағы белгілі испан графына тиесілі киімдер эвакуацияланды.
Жұма күні түске дейін орман өртін ауыздықтау мүмкін болмады. Қауіпті аймақтан шамамен 800 тұрғын эвакуацияланды. Сенбі күні ауа температурасы сәл төмендейді деп күтілуде.
Испанияның оңтүстігінде бұдан да ауқымды орман өрті Уэльва провинциясында 300 шаршы шақырымнан астам аумақты шарпыды. Ол да билікті тұрғындарды эвакуациялауға мәжбүр етті.
Айта кетейік, Сербия мен Еуропаның бірқатар елінде орман өрттері өршіп тұр.
Ал Индонезиядағы Бромо ұлттық саябағында 120 гектардан астам орман өртенді.