Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Орман өртінің алдын алуға 33 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды

АСТАНА. KAZINFORM – «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Жасыл даму» АҚ 2024 жылдан бері мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді, орман резерваттарын, қорықтар мен орман шаруашылығы мекемелерін арнайы техникамен қамтамасыз етуге 33,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.

ы
Фото: ТЖМ

Ведомствоның мәліметінше, қаржы кәдеге жарату төлемдері есебінен бөлінген. Осы уақыт ішінде орман және дала өрттерінің алдын алу мен оларды жедел сөндіруге арналған 1 006 бірлік заманауи арнайы техника сатып алынған.

Олардың қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, жол талғамайтын көліктер, түрлі үлгідегі тракторлар және орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғауға қажетті өзге де арнайы техникалар бар.

«Табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту олардың өрт қаупі жоғары кезеңге дайындығын арттыруға, өрт ошақтарына ден қою уақытын қысқартуға және табиғи өрттермен күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған», – делінген министрлік хабарламасында.

Қаржыландырудың ең жоғары көлемі Шығыс Қазақстан (5,05 млрд теңге, 148 техника), Ақмола (4,94 млрд теңге, 160 техника), Павлодар (4,44 млрд теңге, 136 техника), Қостанай (4,10 млрд теңге, 112 техника), Абай (3,34 млрд теңге, 82 техника) және Солтүстік Қазақстан (3,31 млрд теңге, 107 техника) облыстарына бағытталған.

Қазіргі таңда жеткізілген техникалар еліміздің барлық өңіріндегі табиғат қорғау мекемелерінде пайдаланылып жатыр. Олар өрт сөндіру бөлімшелерін жедел жеткізуге, аумақтарды патрульдеуге, орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндіру жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

«Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен еліміздің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға, орман экожүйелерін сақтауға және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау тиімділігін арттыруға бағытталған экологиялық жобаларды іске асыруды жалғастырып келеді», – деп мәлімдеді министрлік.

Айта кетейік, кеше республика аумағындағы орман қорында 5 өрт тіркелді.