Орман зиянкестерімен, ауруларымен күрес шаралары бюджет қаражаты есебінен атқарылады

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Орман зиянкестерімен, ауруларымен күрес шаралары бюджет қаражаты есебінен атқарылады.

Орман зиянкестерімен, ауруларымен күрес шаралары бюджет қаражаты есебінен атқарылады

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев осылай мәлім етті.

Заң жобасына сәйкес, жекеше орман өсіруді дамыту мақсатында Жер кодексіне сауда-саттық пен аукциондар өткізбей-ақ мемлекеттік меншіктің қарауындағы жер учаскелеріне немесе жер телімдерін жалға беру жөнінде нормалар енгізіледі.

«Сондай-ақ, алдағы уақытта орман зиянкестерімен, ауруларымен күресті тиімді жүргізу мақсатында республикалық бюджеттен қаражат бөлініп тұрады. Жылма-жыл бұл бағыттағы шаралар бюджет қаражаты есебінен атқарылатын болады. Мәселен, орманның ерекше қауіпті зиянкестері мен ауруларының ошақтарымен күрес шаралары үшін бюджеттен 131,4 млн. теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, Үкіметтің құзыретіне қатысты нормалар кеңейтілді», - деді М. Оразаев.

Оның айтуынша, энергияның қалпына келтірілетін көздерін, яғни күн мен жел энергиясын пайдалану жөнінде нысандар салу үшін мемлекеттік орман қоры жерлерін алу жөніндегі Үкіметтің құзыреті кеңейтілді. Шоқ ормандар орналасқан жер учаскелерін есепке алу және оларды кадастрға бөлу бірліктерін белгілеу мақсатында есептік орамға кадастрлық нөмір белгіленіп, бір сәйкестендіру құжатын беру ұсынылады.