Орманшы — түз тағысының қамқоры: тәжірибелі аңшылықтанушының әңгімесі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — «Ертіс орманы» резерватында қыста да жұмыс тыншымайды. Жалқарағай ормандарында тұяқты жануарлар үшін арнайы азық орындары ұйымдастырылып жатыр. Осы орайда уақытпен санаспайтын, машақаты мол салада 30 жылдан аса қызмет етіп жүрген тәжірибелі маман Қайыржан Әділбаевті әңгімеге тарттық.

Орманшы — түз тағысының қамқоры: тәжірибелі аңшылықтанушының әңгімесі
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Қайыржан Төлегенұлы бүгінде «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аңшылықтанушысы болып еңбек етіп жүр.

— Қыс ортасында да резерваттағы жұмыс тыншымайтынын байқаймыз. Қазіргі уақытта қандай шаруамен шұғылданып жатырсыздар?

— Жер бетін ақ мамық көрпе жапқан мезгілде де резерватта қауырт жұмыс тыншымайды. Қыс қаһарына мініп, омбы қар түскенде Шалдай және Бесқарағай филиалдарындағы қызметкерлер жануарлар әлемін браконьерлерден қорғау, жабайы аңдарды тіркеу мен олардың көшіп-қону мониторингін жүргізеді. Бұл уақытта тұяқты жануарлар үшін қар астынан азық тауып жеу қиынға соғатыны мәлім. Осыны ескерген жергілікті аңшылықтанушы мамандарымыз орман арасын мекендейтін бұлан, елік сияқты сүтқоректілерге азық орындарын ұйымдастырады.

Орманшы — түз тағысының қамқоры: тәжірибелі аңшылықтанушының әңгімесі
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Жалпы орманды жерлерде қар қалың түседі. Қар көп жауған мезгілде елік пен бұлан азық таппай ашыға бастайды. Сондай кезде арнайы алаңдарда құрылған оттықтарға қарағай мен көктеректің шыбықтарынан буылған сыпырғыларды іліп қоямыз. Тұяқты жануарлар мұны сүйсініп жейді. Биылғы қысқа 3 мың данадай бума, 150 центнер шөп, 2 мың килограм тұз дайындап қойғанбыз. Алаңдарда 67 оттық, 71 тұзжалақ жасалды. Соңғы аязды күндері қоймамызды ашып, жем-шөптерді жеткізе бастадық. Бұл іспен 16 аңшылықтанушы айналысамыз. Қажет болса орманшылар да көмекке келеді.

— Оппа қарда жем-шөпті орман арасында тасу қиынға түспей ме?

— Қар жұқа болса, азықты оттықтарға «Уазикпен», қалың түссе трактормен апарамыз. Биыл қар аса көп жаумады, сондықтан алаңдарға жетуде қиындық көрген жоқпыз. Кейбір жылдары қар белуардан келіп, елік пен бұланның әлгі оттықтарға жетуі қиынға соғады. Ондайда трактормен қарды бұзып, жануарларға жол саламыз. Болмай жатса, жүретін соқпақтарына іліп, шашып кетеміз. Ал тұз аңдар үшін кәдімгі дәрумен, қыста иммунитеттерің күшейтіп, төзімділіктерің арттырады.

Орманшы — түз тағысының қамқоры: тәжірибелі аңшылықтанушының әңгімесі
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

— Елік пен бұланның қысқы жайылымына қатысты не айтасыз?

— Бұлар азығын қар астынан өздері тауып жейтін жабайы жануарлар ғой. Көбіне орман арасында жүреді. Бірақ боранды күндері қалың өсімдіктің арасына барып жатып алады. Ондайда тұтаса өскен бұталардың маңайын тұяғымен аршып, өздеріне жататын орын сайлайды. Дала түтеп тұрса, жайылуды мүлде доғарады. Ал аязды күндері азық іздеп жүре береді. Бұлан мен елік көбіне қайыңның және көктеректің жапы­рақтарымен, ұсақ бұтақ­тарымен азықтанғанды ұнатады.

— Жоғарыда аңдардың көшіп-қонуына қатысты мониторинг жүргіземіз дегенді айттыңыз…

— Әр жылдың қаңтар-ақпан айларында жабайы аңдардың санағы басталады. Олардың мекендейтін аумақтарын, санын анықтау керек болады. Негізі резерват облыстың Шарбақты және Аққулы аудандары аумағында орналасқан. Ұйыса өскен жалқарағайлар солтүстігінде Ресеймен, ал шығысында Семей ормандарымен шектеседі. Ертіс-Баян өңірінде резерватқа 278 мың гектар жер қараса, соның 194 мың гектардан астамын орманды жерлер көмкеріп тұр. Мұнда сүтқоректілердің 40 түрі, құстардың 39 түрі мекен етеді. Олардың негізгі түрлері — елік, қасқыр, қоян, түлкі, сілеусін, қарсақ, борсық, тиін, құр, шіл. Соңғы жылдары бұланның саны да айтарлықтай өсіп, соңғы рет 271 бас тіркелген. Сібір елігінің саны мыңға жуықтаса, 700-ге тарта борсық, 70-тен астам сілеусін, 100-ге жақын бүркіт бар. Бұған қоса безгелдек, үкі, ителгі құстарын, сусарды жиі көруге болады.

Орманшы — түз тағысының қамқоры: тәжірибелі аңшылықтанушының әңгімесі
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

— Резерват аумағында аң-құс аулауға бола ма?

— Жоқ. Заң жүзінде резерваттағы аң-құсқа мылтық кезеңуге тыйым салынған. Бұл тыйым тек орман ішінде ғана емес, резерваттан 50 шақырым жерге дейін сақталады. Қазір оларға мылтық кезейтін браконьерлер жоқтың қасы. Содан болар, аң-құс бұрынғыдай үркек емес, бізден қорқа қоймайды. Жасап қойған оттықтарымызды біліп алған, кейде азық салып жатсақ алыстан орағытып жүреді. Құдайға шүкір, сонау өрт қалың болған жылдары орманнан ауып кеткен тиіндер де қайтып орала бастаған. Жалпы, соңғы уақытта аңның қайта түрі болмасын көбейіп келеді. Жабайы жануарлар ыдыстағы тұзды жалап, иісі бұрқыраған шөппен азықтанып жатқанын көргенде кәдімгідей марқайып қаламыз.

— Орманшылар қауымы сырт көзге қысы-жазы демалу дегенді білмейтін мамандық иелері ретінде көрінеді. Сіздерде тынығатын күндер аз болар шамасы…

— Ол рас. Ала жаздай орманды құлаған ағаштан тазартып, белгілер салу, табиғи байлықты өрттен қорғау, жас көшеттерді суару, тағысын-тағы бір бітпейтін шаруалардан босамасақ, қыста тұяқты жануарлардың санағын жүргізіп, жем-шөбін қамдаймыз.

Бірақ қарағаймен көмкерілген ғажап өлкеде еңбек ету — зор бақыт дер едім. Кейде жұмыстан қалжырап отырғанда жалқарағайға арқаңды беріп отыра қалсаң, бір керемет қуатты сезінесің. Сондықтан мұндай табиғи байлықтың ортасында үнемі жүру денсаулыққа да пайдалы. Отыз жылдан аса еңбек етіп келемін, қарапайым орманшыдан, жүргізуші, химиялық өңдеуші, орманшылық басшысының орынбасары және басқа да қызметтерді атқардым. Әйтеуір айналып келгенде барлығының міндеті ата-бабадан қалған қара орманды күзету ғой. Қылқан жапырақты орман қысы-жасы жап-жасыл болып тұрады. Арқаның аңызақ даласында, айналасы қу тақыр жерде осындай қалың орманның жайқалып тұрғаны керемет емей, немене?! Бұл байлықты келер ұрпаққа одан әрі көбейтіп жеткізсек, біз үшін одан артық құндылық жоқ!

Орманшы — түз тағысының қамқоры: тәжірибелі аңшылықтанушының әңгімесі
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

— Орманшылардың жұмысына бөгеу болып тұрған қандай факторларды атар едіңіз?

— Кәнігі орманшы кез келген жағдайдан жол тауып шығады. Соңғы жылдары резерват аумағында өрт оқиғаларының мейлінше азайғанына қуаныштымыз. Орманшылардың еңбекақысы да көтеріліп, отбасын асырауға жетіп жатыр. Тек көңілге кірбің түсіретін бір жайт, резерваттағы кейбір техникалар тозған әрі жетіспеушілік байқалады. Әсіресе, қар үстімен өздігінен жүретін шаналар жоқ. Бұған дейін ондай арнайы техникалар болған. Олар әбден ескіргеніне байланысты есептен шығарылды. Енді олардың орнын басатын Жапонияда немесе Еуропа елдерінде шығарылған сапалы шаналар болса деген тілегіміз бар. Мұндай техникалар орманшылардың ұтқырлығын арттырып, жалқарағай мен аң-құстарды браконьерлерден қорғауда зор септігін тигізеді.

— Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет. Ел байлығын еселеу жолындағы еңбектеріңіз елене берсін!

Соңғы жаңалықтар