Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы 95%-ға қысқарды

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ мен халықаралық теңіз ұйымдары Қызыл теңіз, Ормуз бұғазы және оған іргелес аймақтардағы жағдайдың күрт нашарлап бара жатқаны туралы ескертті, деп хабарлайды БҰҰ Жаңалықтары. 

Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы 95%-ға қысқарды
Фото: ИМО/Ч. Тунай

БҰҰ мен Халықаралық теңіз ұйымының (IMO) мәліметінше, коммерциялық кемелерге жасалған шабуылдардың қайта жандануы теңізшілердің өміріне, әлемдік саудаға және өңірлік тұрақтылыққа қауіп төндіріп, гуманитарлық және экологиялық зардаптардың қаупін күшейтіп отыр.

IMO Бас хатшысы Арсенио Домингес Қызыл теңіздегі соңғы шабуылдарды қатаң айыптап, оларды «ақталмайтын әрекет» деп атады. Оның айтуынша, бұл шабуылдар жаһандық жеткізу тізбегінің жұмысына кедергі келтіріп, теңіз ортасына зиян келтіреді әрі халықаралық сауда үшін елеулі қауіп туғызады. Ол теңізшілердің бейбіт азаматтар екенін атап өтіп, кеме компанияларын қауіпті аймақтар арқылы өтпес бұрын тәуекелдерді мұқият бағалауға шақырды.

Сондай-ақ IMO басшысы Қызыл теңіз бен Аден шығанағындағы шабуылдардан кейін тұтқында қалған барлық теңізшіні дереу және сөзсіз босатуға үндеді. Оның айтуынша, Қызыл теңіз — әлемдік сауданың негізгі дәліздерінің бірі, ал жалғасып жатқан шабуылдар өңірдегі шиеленісті күшейтіп, кеме қатынасына және еркін навигация қағидатына қауіп төндіреді. Бұған қоса, соңғы оқиғалар қоршаған ортаның ластану қаупін де арттырып отыр.

Осыған ұқсас мәлімдемені БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик те жасады. Ол хуситтердің Қызыл теңіз арқылы өтетін коммерциялық кемелерге шабуылдарының қайта басталуына алаңдаушылық білдірді. БҰҰ мұндай әрекеттер Таяу Шығыстағы шиеленісті одан әрі ушықтырып, Йеменді кең ауқымды өңірлік қақтығысқа тартуы мүмкін екенін ескертті. Ұйым БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2722-қарарына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес сауда кемелеріне жасалатын шабуылдарды тоқтатуға шақырды.

Йемендегі жағдайдың ушығу қаупі

БҰҰ-ның Йемен жөніндегі арнайы өкілі Ханс Грундберг «Ансар Аллах» қозғалысының коммерциялық кемелерге шабуылдарының қайта жандануы мен теңіз қатынасындағы жаңа іркілістерге алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, басты міндет — 2022 жылғы бітімнің нәтижелерін сақтап, ауқымды қарулы қақтығыстың қайта басталуына жол бермеу және жан-жақты саяси үдерісті жалғастыру.
БҰҰ дерегіне сәйкес, қазіргі қақтығыс кезеңінде кемінде 17 теңізші қаза тапқан. Ұйым азаматтық кемелерге жасалған шабуылдарды айыптап, үкіметтер мен кеме иелерін экипаждардың қауіпсіз эвакуациясы мен елге қайтарылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың еңбек құқықтарын сақтауға шақырды.

Тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырды

БҰҰ сарапшылары 2026 жылғы 28 ақпаннан бері Иран аумағында АҚШ пен Израиль жүргізген әскери операциялар мен Иранның Парсы шығанағы елдеріндегі нысандарға жасаған жауап соққылары халықаралық құқықтың елеулі бұзылуына әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді. Олар бейбіт тұрғындар арасындағы шығындар мен азаматтық инфрақұрылымға келтірілген залал туралы ақпаратты тәуелсіз тергеуге шақырды.

Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы 95%-ға қысқарды

БҰҰ-ның соңғы талдауына сәйкес, соңғы аптада Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелер саны тәулігіне орта есеппен беске дейін азайған. Қақтығысқа дейін бұл көрсеткіш тәулігіне шамамен 130 кеме болған. Осы жағдай аясында шілде айының басынан бері Brent маркалы мұнайдың бағасы шамамен 40%-ға өсіп, бір баррелі 100 АҚШ долларынан асты.

БҰҰ мәліметінше, энергия тасымалдаушылардың, тыңайтқыштардың және басқа да маңызды тауарлардың жеткізілуіндегі іркілістер әлемдік экономика мен азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі әсер етіп жатыр. Ақпан айының соңынан бері тыңайтқыш бағасы 25–30%-ға қымбаттап, фермерлердің шығынын арттырды және болашақ өнім көлеміне кері ықпал етуі мүмкін. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бағалауынша, Ормуз бұғазындағы ахуалға байланысты шамамен 45 миллион адам өткір азық-түлік тапшылығына тап болуы ықтимал.

Айта кетелік Иран Ормуз бұғазында Таиланд туымен жүрген кемеге соққы жасалғанын мәлімдеді