Ормуз бұғазы арқылы тасымал көлемі кейінгі 100 күнде ең төменгі көрсеткішке түсті
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ, Израиль және Иран арасындағы шиеленіс әлемдік теңіз логистикасына ауыр соққы болып тиді. Кейінгі 100 күнде Ормуз бұғазы арқылы өткен кемелер саны қалыпты жағдайдағы бір апталық көрсеткіштен аспай қалды, деп хабарлайды Anadolu ақпарат агенттігі.
Парсы шығанағының кіреберісінде орналасқан Ормуз бұғазы Таяу Шығыстың мұнай және сұйытылған табиғи газ (СТГ) өндірісін Оман теңізі және Үнді мұхиты арқылы әлемдік нарықтармен байланыстырып отыр. 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылына дейін әлемдегі күнделікті мұнай тұтыну мен СТГ саудасының шамамен 20%-ы, сондай-ақ теңіз тыңайтқыштары саудасының үштен бірі Ормуз бұғазы арқылы өтті.
Қақтығыстың 100-ші күні, 7 маусымдағы жағдай бойынша стратегиялық бұғаз арқылы өтетін коммерциялық кемелер саны өте шектеулі болып қалды. Бұл кезеңде кемелердің өтуі негізінен Иранға төлем жасау немесе дипломатиялық келіссөз арқылы жүзеге асырылды.
– Кейбір кемелер Ормуз бұғазы арқылы автоматты сәйкестендіру жүйесі (AIS) өшірілген күйде өтті. Осы кезеңде сондай-ақ Иранның аумақтық сулары арқылы «Иран бағыты» деп аталатын жаңа бағыт құрылды. Кейбір кемелер Халықаралық теңіз ұйымы анықтаған стандартты бағыттарды пайдалануды жалғастырды, - делінген жарияланымда.
БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) мәліметінше, 1-27 ақпан аралығында Ормуз бұғазы арқылы күніне орта есеппен 129 кеме өтті. Британдық теңіз сауда ұйымының мәліметінше, тарихи орташа көрсеткіш күніне 138 кемені құрап отыр.
Kpler аналитикалық компаниясының деректері соғыстың 100 күні ішінде Ормуз бұғазы арқылы 988 коммерциялық кеме, оның ішінде 84 контейнерлік кеме өткенін көрсетіп отыр. Бұл орташа есеппен күніне шамамен 10 кемені құрайды – соғысқа дейінгі деңгеймен салыстырғанда шамамен 90%-ға аз.
Бұл кемелердің айтарлықтай бөлігі «көлеңкелі флот» үлесіндегі немесе санкцияларға ұшыраған кемелер. 28 ақпанда қақтығыс басталғаннан кейін Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы күрт төмендеді. 28 ақпанда бұғаз арқылы 78 кеме, 1 наурызда 30 кеме және 2 наурызда 13 кеме өтті. Келесі күндері бұл сан тәулігіне екі кемеге дейін төмендеді. 18 сәуір соғыс кезеңіндегі ең көп трафик тіркелген – бұғаз арқылы 27 кеме өтті.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи 17 сәуірде бұғаз Ливандағы атысты тоқтату аяқталғанға дейін коммерциялық кеме қатынасы үшін ашық болатынын мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та сол уақытта бұғаздың ашық екенін, бірақ АҚШ-тың Иранмен келіссөз процесі аяқталғанға дейін блокада күшінде қалатынын мәлімдеді.
Алайда 18 сәуірде Иран АҚШ-тың Иран порттарына қойған блокадасы алынып тасталғанға дейін Ормуз бұғазы «жабық» болып қалатынын мәлімдеді.
7 мамырда ең аз көлік қозғалысы тіркелді – бұғаз арқылы шамамен бір кеме өтті.
Бұл кезеңде негізгі сауда жолдары Азия және Африка елдерімен болған, ал Батыс елдерімен сауда іс жүзінде тоқтатылды.
100 күн ішінде Ормуз бұғазы арқылы мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдайтын 456 танкер өтті. Бұл сан қақтығысқа дейін айтарлықтай жоғары болған, бірақ кейін күрт төмендеді. Негізгі бағыттар – Қытай, Үндістан, Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония және Азияның басқа елдері.
Жарияланымда сонымен қатар аймақта, әсіресе Қатарда сұйытылған табиғи газ өндірісінің төмендегенін энергетикалық инфрақұрылымның зақымдануына байланысты екені атап өтілген. 28 ақпаннан кейінгі алғашқы күндері бұғаз арқылы СТГ-танкерлері дерлік өткен жоқ. Бірінші СТГ-танкері 2 сәуір күні өткен. 100 күн ішінде бұғаз арқылы барлығы 18 СТГ-танкері өтті, бұл барлық өтудің шамамен 2%-ын құрады.
Сол кезеңде Ормуз бұғазы арқылы 149 LPG-танкері (барлық транзиттің 15%-ы) өтті. Негізгі жеткізілім Иран, БАӘ, Қатар және Кувейттен жүзеге асырылған. Бағыттарға Пәкістан, Үндістан, Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері кірді.
Құрғақ жүк таситын кемелер саны – 281 (барлық жүк тасымалының 28%-ы). Олардың бағыттары әртүрлі болды: Үндістан, Түркия, Канада, Қытай, Бразилия, Аргентина, Украина және басқа да елдер. Басылымның жазуынша, қақтығыс басталғаннан бері бұғаз арқылы Парсы шығанағында бұғатталып қалған шамамен 10 жолаушылар кемесі өтті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Иран Оманмен Ормуз бұғазын басқарудың жаңа тәсілі жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.