Ормуз бұғазы ашық: АҚШ шектеулерді жойды, Иран кемелерге салынатын алымдарды алып тастады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қойылған шектеулерді алып тастағанын жариялады. Иран өз кезегінде бұл стратегиялық маңызды су жолынан өтетін кемелерден алым алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
АҚШ күштері АҚШ президенті Дональд Трамптың нұсқауына сәйкес Иран порттары мен жағалау аймақтарына кіретін және шығатын барлық теңіз көліктерінің блокадасын алып тастады. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәлімдеді.
- Америкалық күштер Иран порттарына және одан шығатын кемелер транзитіне кедергі келтірмейді. АҚШ-тың блокаданы орындау бойынша барлық күш-жігері тоқтатылды. Біздің ұлы әскери-теңіз кемелеріміз келісімнің барлық ережелерін және оның толық заңды күшін сақтауды қамтамасыз ету үшін осы аймақта қалады, - делінген CENTCOM мәлімдемесінде.
Иранның Жоғарғы Ұлттық қауіпсіздік кеңесі де Ормуз бұғазы мәселесі бойынша мәлімдеме жасап, Тегеран алдағы 60 күн ішінде бұғаз арқылы өтуге байланысты қандай да бір қызмет үшін ақы алмайтынын және барлық ілеспе шығындарды өзі өтейтінін атап өтті.
- Исламабадтың өзара түсіністік туралы меморандумына сәйкес, өтініш берушілерден алпыс күн бойы ешқандай алым алынбайды және бұл алымдарды Иран Ислам Республикасының үкіметі өтейді. Исламабадтың өзара түсіністік туралы меморандумының 5-тармағына сәйкес, Ормуз бұғазы арқылы өткісі келетін коммерциялық кемелер өз өтініштерін Парсы шығанағы Су жолдары басқармасына жолдауы керек. Осыған байланысты Иранның Жоғарғы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесіне сәйкес Парсы шығанағы су жолдары басқармасына меморандум мақсаттарына жету үшін өтініштерді жедел және басымдықпен өңдеу және жауап беру тапсырылды – делінген Иран Ұлттық қауіпсіздік Жоғарғы кеңесінің хабарламасында.
Ведомство арнайы жағдайлар және бағыт бойындағы бірқатар қауіпсіздік қатеріне байланысты кемелер жарияланған бағыт бойынша және жарияланған уақытта транзитпен жүруі керек екенін ескертті.
Осыған дейін АҚШ пен Иран алдын ала бейбіт келісімге қол қойды.
Сондай-ақ АҚШ Иранмен жасалған 14 тармақтан тұратын меморандумды жариялағанын хабарладық.
АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келісім аясында мұнай бағасы төмендеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Иран қол жеткізген келісімді құптады.