Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ормуз бұғазы маңында екі мұнай танкеріне шабуыл жасалды

АСТАНА. KAZINFORM – Ормуз бұғазы маңында екі мұнай танкеріне шабуыл жасалды. Бұл туралы өңірде Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленіс күшейіп жатқан тұста Ұлыбританияның теңіз саудасын үйлестіру басқармасы (UKMTO) хабарлады, деп жазды Еuronews.

Ормуз бұғазы маңында екі мұнай танкеріне шабуыл жасалды
Фото: Tasnim

UKMTO мәліметінше, алғашқы танкер экипажы Оманның Лима жағалауынан солтүстік-шығысқа қарай белгісіз снарядтың тигенін хабарлаған. Салдарынан кеменің машина бөлімі зақымданған.

Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Шамамен үш сағаттан кейін UKMTO Оманның Хасаб қаласынан солтүстік-шығысқа қарай екінші оқиға туралы хабарлама алған.

– Танкер капитаны кеме маңында күшті жарылыс пен су шашырағанын көргенін айтты, – делінген ведомствоның хабарламасында.

Оқиға кезінде кеменің зақымданғаны туралы мәлімет түспеген.

UKMTO аймақтағы кемелерге сақтық шараларын күшейтіп, кез келген күмәнді әрекет туралы дереу хабарлауға кеңес берді.

Қазіргі уақытта оқиғаларға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетсек, АҚШ пен Израиль Иранның энергетикалық нысандарына соққы беруі мүмкін екенін жаздық.

Сондай-ақ Иран Ормуз бұғазын ашуға негіз болатын шарттарын ұсынды.