Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ормуз бұғазы: Жапония кемелерден қосымша ақы алмауды талап етті

АСТАНА. KAZINFORM – Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи Иран президенті Масуд Пезешкианмен телефон арқылы сөйлесіп, Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуіне қосымша ақы салынбауы керек екенін мәлімдеді. Бұл туралы Kyodo News жазды.

Ормуз бұғазы: Жапония кемелерден қосымша ақы алмауды талап етті
Фото: Kyodo

Токиода журналистерге сұхбат берген Такаичи АҚШ пен Иранның келіссөз жүргізіп, әсіресе ядролық мәселелер бойынша мүмкіндігінше тезірек келісімге келуі қажет екенін Пезешкианға жеткізгенін айтты.

– Ормуз бұғазында қосымша ақысыз еркін әрі қауіпсіз кеме қатынасын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру маңызды, – деді Жапония премьер-министрі.

Табиғи ресурстары шектеулі Жапония шикі мұнай импорты бойынша Таяу Шығыс елдеріне айтарлықтай тәуелді.

Шамамен 20 минутқа созылған әңгіме барысында Пезешкиан Иранның ұстанымын, соның ішінде Ормуз бұғазы бойынша Оманмен жүргізіліп жатқан келіссөздердің қазіргі жағдайы мен болашағын түсіндірген. Такаичи дүйсенбі күні Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидпен де сөйлескен.

Жапония премьер-министрі Араб түбегінің оңтүстік-батысындағы Баб-эль-Мандеб бұғазындағы жағдайға энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан «қатты алаңдайтынын» жеткізді. Ол Иранды Йемендегі Тегеран қолдайтын хуситтерді ұстамдылық танытуға шақыруға үндеді.

Йемен билігінің мәліметінше, шілдеде Сауд Арабиясының кемелеріне қарсы «теңіз блокадасын» жариялаған хуситтер сейсенбі күні Баб-эль-Мандеб бұғазында жүк кемесіне шабуыл жасаған. Ормуз бұғазы іс жүзінде жабылғаннан кейін бұл бағыт мұнай тасымалдаудың балама жолдарының біріне айналған.

Такаичидің айтуынша, Пезешкиан Иранның Сауд Арабиясымен диалог жүргізе отырып, мәселені шешуге күш салып жатқанын мәлімдеген.

Жапония премьер-министрі Иранда ұсталып, сәуір айында кепілмен босатылған жапон азаматына қатысты мәселені де тез арада шешуге шақырды. Ол Жапонияның NHK қоғамдық телерадиокомпаниясының Тегерандағы бюро басшысы болуы мүмкін.

Такаичи мен Пезешкиан маусымнан бері алғаш рет сөйлесті. Ақпан айының соңында АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғалы бұл олардың төртінші келіссөзі. Жапония АҚШ-тың жақын одақтасы болғанымен, Иранмен дәстүрлі түрде достық қарым-қатынас орнатып келген.

Айта кетейік, бұған дейін Иран мен Оман Ормуз бұғазы бойынша келісімге келуге жақындағанын жаздық.

Сондай-ақ Ормуз бұғазы маңында екі мұнай танкеріне шабуыл жасалды.