Ормуздан – Амманға: Таяу Шығыстағы мұнай тасымалы өзгеруі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Иран төңірегіндегі соғыс Ормуз бұғазы арқылы өтетін трафиктің 95% қысқарып, танкердің бір рейсін сақтандыру құны 8 млн долларға дейін өсті. Салдарынан Парсы шығанағындағы елдердің мұнай экспорты айтарлықтай шектеліп, өңір балама жеткізу жолдарын іздеуге мәжбүр болып отыр. Әсіресе Иордания мен Сирия арқылы өтетін құрлықтағы бағыт қайта назарға ілікті. Kazinform агенттігінің Аммандағы меншікті тілшісі осы тенденцияны талдап көрді.

От Ормуза до Аммана: Как война вокруг Ирана меняет маршруты Ближнего Востока
Фото: Anadolu

Ормуздың осал тұсы

Ақпан айының соңына дейін Ормуз бұғазы қалыпты режимде жұмыс істеді. Ай сайын бұл бұғаз арқылы шамамен 3 мың кеме өтетін, ал тасымалданатын мұнай көлемі тәулігіне 15 млн баррельге жетіп тұрды. Бұл - әлемдік мұнай экспортының шамамен бестен бірі деген сөз.

АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасағаннан кейін ірі тасымалдаушылар транзитті тоқтатты, сақтандыру компаниялары бұрынғы сақтандыру полистерінің күшін жойып, тарифтерді шектен тыс көтерді. Мұнай қоры мол Парсы шығанағы іс жүзінде нарықтан ажырап қалды.

Наурыздың ортасына қарай бұғаз арқылы үш апта ішінде бар болғаны 116 кеме өтті. Соғысқа дейін күніне шамамен 120 кеме өтіп жататын. Сақтандыру нарығында тарифтер кеме құнының 0,25%-ынан 10%-ына дейін көтеріліп, ірі танкердің бір рейсін сақтандыру құны 3-8 млн долларға жетті.

Сәуірге қарай көрсеткіш 2-6%-ға дейін аздап төмендегенімен, соғысқа дейінгі деңгейден бірнеше есе жоғары болып қалды. Салдарынан ірі тасымалдаушылар транзитті тоқтатты.

Соғыс Парсы шығанағындағы мұнайға сүйенген экономикалардың құрылымдық тұрғыдан осалдығын ашып берді. Табыс баррель бағасына ғана емес, шикізаттың қауіпсіз тасымалдануына тәуелді болып тұр. Соның салдарынан бұғаз тұтас тәуекел аймағына айналып, соғыстың салдары экономикалық дағдарысқа ұласатындай қатер төнді. Осының бәрі кеме қатынасына, сақтандыруға, авиацияға, өнеркәсіпті жабдықтауға және тұтыну бағаларына кері әсер етті.

Бұғазға балама бағыт

Парсы шығанағындағы елдер соғыстың аяқталуын күтпей, экспорт инфрақұрылымын қайта құра бастады. Ормуз бұғазының осалдығы анық көрінді, сондықтан әр мемлекет оны айналып өтетін бағыт іздеуге кірісті.

Дағдарысқа ең дайын елдердің бірі – Біріккен Араб Әмірліктері болып шықты. Тәулігіне 1,8 млн баррельге дейін айдауға қауқарлы Хабшан-Фуджейра құбыры соғысқа дейін салынған еді. Дағдарыс кезінде ол әмірліктің жалғыз экспорт арнасына айналды.

БАӘ-нің ADNOC мұнай компаниясы Фуджейра порты арқылы экспорт қуатын екі есе арттыратын параллель құбырдың құрылысын жеделдетіп жатыр. Порт Оман шығанағының жағалауында, Ормуз бұғазынан тыс жатқанымен сенімді.

2027 жылы осы нысан қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Мамыр айына қарай құрылыс жартысына жеткені хабарланды. Компанияның бас директоры Сұлтан Ахмед әл-Жабер бұғаздың жабылуынан болған шығынды 1 млрд баррельден астам деп бағалап, әр апта сайынғы тоқтап қалу әлемдік экономикаға қосымша 100 млн баррель шығын әкелетінін айтты.

: Как война вокруг Ирана меняет маршруты Ближнего Востока
Фото: x.com / @AryJeayBackup

Сауд Арабиясы шығыстағы кен орындарын Қызыл теңіздегі Янбу портымен жалғайтын, ұзындығы шамамен 1200 шақырым болатын «Петролайн» құбырын іске қосты. Бұл жүйе Ормузды толық айналып өтеді.

Құбырдың өткізу қуаты тәулігіне 5 млн баррельге дейін жетеді. Бірақ сарапшылар мұндай ауқымды инфрақұрылымның өзі белсенді әскери қимыл кезінде осал нысанаға айналатынын қазірді өзінде айтып жатыр.

От Ормуза до Аммана: Как война вокруг Ирана меняет маршруты Ближнего Востока
Источник: FT research

Басқа мұнайлы елдер мұнай транзитінің бір бөлігін құрлыққа көшіру жолдарын қарастырып жатыр. Бірақ Ливан, Түркия мен Жерорта теңізі бағыттарының қайсысы ұтым екені туралы нақты тоқтам жоқ.

Бағдат батысқа бет бұрды

Дәстүрлі теңіз бағыттарынан айырылған елдердің ішінде ең қиын жағдайда қалған ел – Ирак. БАӘ мен Сауд Арабиясынан айырмашылығы – Ормузды айналып өтетін дайын құбыры жоқ. Амал жоқ, көрші елдердің аумағы арқылы жол іздеуге тура келді.

Соғысқа дейін Ирак Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне шамамен 3,5 млн баррель экспорттайтын. Мұнайдан түскен табыс бюджет негізі болып, мемлекеттік кірістің шамамен 90%-ын қамтамасыз етті. Бұғаз жабылғаннан кейін өндіру көлемі қалыпты деңгейдің үштен біріне дейін қысқарған.

Как война вокруг Ирана меняет маршруты Ближнего Востока
Фото: North press Agency

Ирактың мұнай министрі Түркия, Сирия және Иордания арқылы тәулігіне 100-200 мың баррель мұнай тасымалдау мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Наурызда Бағдат Киркук кен орындарынан Түркияның Джейхан портына құбыр арқылы экспортты қайта бастады.

Ал сәуірде Ирактың мемлекеттік мұнай компаниясы SOMO Сирияның Банияс порты арқылы тәулігіне 50 мың баррель экспорттау жөнінде келісім жасады. 299 көліктен жасақталған алғашқы колонна әл-Танф шекара өткелі арқылы өтті. Сириялық БАҚ мәліметінше, мұнай Банияс терминалында түсіріліп, ары қарай танкерлерге қайта тиелген.

Ирак билігі мұны өңірлік тұрақсыздыққа байланысты «ерекше қадам» деп ата, маршруттың уақытша екенін мойындады. Жаңа бағыт теңіз жолынан қымбат әрі күрделі. Бірақ ол экспортты ұстап тұруға және бюджет кірісіне түсетін қысымды азайтуға көмектесе алады.

Ирак мысалы балама бағыттар туралы әңгіменің тек жоба деңгейінен шығып кеткенін көрсетті. Енді жолдар, шекара өткелдері, терминалдар мен теміржол энергетикалық қауіпсіздіктің бір бөлігі ретінде қарастырыла бастады.

Амманның да айтары бар

7 сәуірде Амманда Түркия, Иордания және Сирияның көлік министрлері интеграцияланған теміржол және автомобиль маршрутын Таяу Шығыс дәлізі деп аталатын жобаны құруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Сауд Арабиясы осы жүйеге өзінің ұлттық теміржол желісін қосуды зерделеу жоспары барын мәлімдеді. Түпкі нұсқада бұл маршрут Түркияға Акабаға шығу мүмкіндігін беруге тиіс. Ал Парсы шығанағы елдеріне Иордания мен Сирия арқылы солтүстік нарықтарға шығатын қосымша жол ұсынбақ.

Амманға бұл транзиттік алымдардан, автотасымалдан, қоймалық логистикадан, кедендік қызметтерден және Сирияны қалпына келтіру жұмыстарына қатысудан табыс табу мүмкіндігін бермек. Акаба порты Иордания арқылы Сирияға, Түркия мен Жерорта теңізіне бағытталатын жүктер үшін оңтүстіктегі маңызды теңіз нүктесіне айналады.

Столица Иордании Амман
Фото: Арсен Өтешев / Kazinform

Дегенмен құрлықтағы бағыттар Ормуз бұғазын бүгін-ертең алмастыра алмайды. Мұнай, жанармай, шикізат пен контейнерлердің ірі партиясын тасымалдауда теңіз жолына жетер балама әзірге жоқ. Ал құрлықтағы логистика үлкен көлемдегі жүкті үлкен көлемде жөнелте алмайды. Оның үстіне шығыны көп.

Сирия мен Ирак Парсы шығанағынан шығатын мұнай экспортының негізгі транзиттік дәлізіне айналды дегеннің өзінде келешегі нақты қалай болатыны белгісіз. Екі мемлекет те тұрақсыздықтан толық ес жия алмай келеді.

Осылайша Ормуз бұғазындағы ахуал Парсы шығанағы құрған экспорттық моделдің осалдығын көрсетті. Ал Сирия ұзақ жылғы оқшаулаудан кейін транзиттік рөлін қайтару мүмкіндігіне ие болды. Иордания өзінің географиялық артықшылығын алға тартатын жаңа тетіктен айырылмауға тырысатыны сөзсіз.

Таяу Шығыста жаңа логистикалық бәсеке басталуы мүмкін. Ол бәсеке мұнай тасымалымен шектелмейді.

Ал жуырда Иран Ормуз бұғазы маңындағы АҚШ шабуылдарынан кейін Кувейтке соққы жасады.