Өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтуде -Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бүгін Көкшетауда «Достар» мәдениет үйінде өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жоюдың өзекті мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады.

Өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтуде -Ақмола облысы

ҚР Төтенше жағдайлар Көкшетау техникалық институты негізінде ұйымдастырылып отырған екі күндік іс- шараның басқосуында атап көрсетілгендей, еліміз аумағында өткен он айда 15 150 өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан үш миллиард теңге төңірегінде материалдық шығын келтірілген. Ең өкініштісі, тілсіз жау 373 адамның, оның ішінде 49 кәмелетке жасы толмаған балғынның өмірін қиып, 373-і әртүрлі дене жарақаттарын алды. Техникалық институт өзі жұмыс істей бастаған жылдар ішінде еліміздің әр түкпірінен келген екі мыңнан астам жеткіншекке білім беріп, мыңнан астам маман біліктілігін арттырды. Конференция жұмысына еліміздің әр жерінен төтенше жағдайлар саласының басшылары мен мамандары, Ресей мен Украина елдерінің осы сала өкілдері қатысып, күн тәртібі бойынша көтерілген мәселелер төңірегінде ой бөлісуде. Іс-шараның басты мақсаты ғылыми-зерттеу жұмыстарының 2012-2014 жылдарға арналған жоспарын белгілеу, өрт, басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу мен зардаптарын жою жәйттері, көпқабатты нысандардан тұрғындарды көшіру мәселелерін жан-жақты қарастыру болып табылады. Соған сәйкес Көкшетау қонақүйі мен институттың тәжірибелік нысанында 20 техника мен 200-ге тарта маман қатыстырылған оқу-жаттығу жиыны өткізіліп, адамдарды өрттен құтқару, газдың шығуынан болған төтенше жағдайдың зардаптарын жою қарастырылды. Іс-шараға қаланың сумен, жылумен қамту, электр желілері, ішкі істер, денсаулық сақтау басқармалары - барлығы он ведомство құрылымдары жұмылдырылды. Соған орай біріңғай іс-қимыл таныту, инститтута білім алып жүрген 4-5 курс студенттерінің тәжірибесін шыңдау жайы пысықталды. Оқу-жаттығу ертеңгі күнгі секциялық жұмыстарда сарапталып, болашақ мамандар дайындауға қажетті оқулықтар құрастыру да ойластырылады.