Өрт сөндіру көлігі соққан: Астанада жол апатынан бір адам мерт болды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өрт сөндіру көлігі жеңіл көлікпен соқтығысып, бір адам қаза болды. Бұл туралы елорданың Полиция департаменті хабарлады.

— Астана қаласының Полиция департаменті жол апаты салдарынан адам қаза тапқан көлік құралын басқарушының жол ережесін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі бағдаршамның қызыл шамы жанып тұрғанына қарамай, Бөгенбай батыр мен Жеңіс даңғылдарының қиылысынан өтіп кетпек болған. Осы кезде ол «Kia» маркалы жеңіл көлікпен соқтығысқан. Оқиға салдарынан жапа шеккен «Kia» жүргізушісі мен жолаушысы ауруханаға жеткізілді. Кейін алған жарақаттарынан 52 жастағы жолаушы әйел көз жұмды, - делінген хабарламада.
Бұған дейін Астанада автобус бағанаға соғылып, жолаушылар жарақат алғаны жайлы жазған едік.
Кейін бұл апат салдарынан қанша адам жапа шеккені белгілі болды.