Орта Азиядан шыққан жалғыз гвардия подполковнигі Ғали Әділбековтің есімі ұмытылып барады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Абай облысына қарасты Қызылқұм ауылында кіндік қаны тамған Ғали Әділбековтің Екінші дүниежүзілік соғыста танкист ретіндегі ерлігі ел есінен ұмытылып барады. Десе де майдангерлердің естеліктерінде ол туралы аз нәрсе жазылмаған. Kazinform тілшісі бұл мақалада Ғали Әділбековтің өмір жолына үңіліп көрді.

И.В. Сталин атындағы Броньды танк әскерлері академиясының түлегі Ғ. Әділбеков
Фото: e-history.kz

Бронды танк әскерлері академиясын бітірген жалғыз қазақ

Ең алдымен Ғали Әділбекұлының туған жерін нақтылау үшін Абай облысы әкімдігіне сұраухат жіберген болатынбыз. Соған сәйкес кейіпкеріміз 1908 жылдың 1 қаңтарында Бородулиха ауданындағы Қызылқұм ауылында туғаны мәлім болды. Жастайынан жетімдік қамытын киіп, атасы Әділбектің тәрбиесін көріп өскен. Марқұм әкесі көзі тірісінде Семейдегі кемежайда жүк тиеуші, анасы үй жұмысын дөңгелеткен іскер жан болған. Алайда кейіпкеріміз небәрі төрт жаста болғанда анасы өмірден өтеді. Әкесі Әділбек Әділбекұлы мүгедектік алған соң Ақтөбеге атбасын бұрып, сол жақта ауыл байының қоластында жұмыс істеген көрінеді. 
Архив пен кітапханадағы деректердің жұтаңдығына байланысты екінші дүниежүзілік соғыс туралы естеліктер мен түрлі тарихи ақпараттарды мақала дереккөзіне айналдырдық. Ғали Әділбекұлы 1925 жылы Қызыл әскер қатарына өз еркімен барыпты. Аз уақыттан соң Ташкент қаласында Ленин атындағы Біріккен Орта Азия әскери мектебінде дәріс алып, 43-кавалериялық полк сапын толықтырады.

 47-ші жеке танк бригадасының командирі, гвардия подполковнигі Ғали Әділбеков
Фото: e-history.kz

Соғыс басталмай тұрып, Қызылқұмның тумасы Мәскеудегі И.В.Сталин атындағы Бронды танк әскерлері академиясында оқыды. Мақтанышпен айта кетерлік жайт, Ғали Әділбеков осы академияны бітірген жалғыз қазақ екен. Ал қан майдан басталған 1941 жылы 102-ші танк полкіндегі танк батальонінің командирі ретінде қызметке кіріседі. Жалпы, Кеңес одағы көлемінде қазақтан шыққан танкистер ілуде біреу. Тізімдерге көз жүгіртсек, кілең өзге ұлт өкілдері. Солардың қатарында жүріп, әскери білімін толық алған Ғалекең 1941 жылдың шілдесінде 110-шы танк дивизиясы танк батальонының командирі атанды. 
Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, кейін Кеңес Одағының маршалы атанған Иван Якубовский «Земля в огне» деген естелігінде Ғали Әділбековтің ерлігін ерекше атап өтеді.

– Басқыншылар бейбіт жұртты бомбалап бастағанда алғашқы сәттерден батыл қимылдаған қаһарман жігіттер аз болмады. Сондай командирлердің бірін айрықшалап айтпасқа болмас. Сөз еткелі отырғаным, ұлты қазақ, подполковник Ғали Әділбеков туралы. Ғали Әділбекұлымен 42-ші жылдың қаңтар айынан таныс едік. Содан бері 121-ші танк бригадасы қатарында бірге шайқастық, – деп жазады естелігінде.

Кеңес Одағының Батыры атағы берілмеді

Кейіпкеріміз ата-анасынан айырылған соң Семейдегі №3 Балалар үйінде тәрбиеленген. Иван Якубовский оның осы тұрғыда қатал өмірге ерте бейімделгенін жазып, 1930 жылдары Қарақұм құмында өткен қарулы қақтығыста ерлікпен шайқасып, сол уақытта алғашқы жарақат алғанын жазады. 

1942 жылы Ғали Әділбеков басқарған батальон 20-дан астам танк пен бронды машинаны қатардан шығарған. Осыны ескерген жоғарғы қолбасшылықтағылар оны «Қызыл ту» орденімен марапаттайды. Кескілескен ұрыс көктемнің алғашқы айларына дейін толассыз жүргізілген. Тек мамыр туа Қызыл әскер танк бригадасын күшейтіп, біршама бөлігі Украина қалаларына жіберіле бастады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1942 жылдың мамыр-тамыз айлары аралығында Ғали Мәскеуде командалық құрамның академиялық біліктілігін арттыру курстарында оқып, кейін 47 танк бригадасын құрумен айналысты. Сөйтіп, 1942 жылдың 19 қыркүйегінде осы бригаданың командирі атанды.

Орта Азиядан шыққан жалғыз гвардия подполковнигі Ғали Әділбековтің есімі ұмытылып барады
Фото: e-history.kz

Ал Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласының мұрағатындағы құжатта былай делініпті: 

«Боевая характеристика на заместителя командира 121-танковой бригады подполковник Г.А.Адильбекова. За время войны с германским фашизмом товарищ Адильбеков показал себя как волевой командир не знающий страха. Своим примером показывал образцы героизма, готовность отдать свою жизнь за общее дело. Товарищ Адильбеков со своим батальоном участвовал в семи атаках и за эти атаки батальоном уничтожил 8 вражеских танков, 13 бронемашин, 9 автомашин, 10 противотанковых орудий до батальона вражеской пехоты. За проявленное героизм и мужество в борьбе с германским фашизмом товарищ Адильбеков награжден орденом «Красное Знамя».

Орталық Азиядағы бірнеше сайттың дерегінше, Әділ Ғалиахметов КСРО үшін көп тұрғыда стратегиялық маңызға ие болған Морозовская станциясы маңындағы қақтығыста ауыр жарақат алады. Немістердің Морозовская станциясын басып алуларының салмақты себебі бар. Ең алдымен мұндағы теміржол Сталинградқа апаратын даңғыл еді. Соны бақылау арқылы Гитлер қолы кеңес әскерінің ас-су мен қару-жарақ жеткізілмеуін қадағаламақ болды. Сталинград түбіндегі шайқастың екі тарап үшін де шешуші саналғаны сөзсіз. Ата-ана жылуынан ерте қағылған азаматтың ауыр жарақат алған сәті де осы. Танк ішінде өртенсе де, соңында жаны аман қалды. 

121-ші танк бригадасы командирінің орынбасары Ғали Әділбеков (оң жақтан екінші)
Фото: e-history.kz

Кейін 1943 жылдың қазанында Киевті азат ету кезінде гвардия подполковнигі Луковицы қыстағы маңындағы танк шайқасында қаза тапқан.

Кейіпкеріміз Украинаның Киев облысы Луковицы ауылындағы жаппай зиратқа жерленіпті. Танкілік ұрыстың шебері екені қанша рет дәлелденсе де, Кеңес Одағының Батыры атағы сол күйі берілмеген. Көзі тірісінде «Қызыл ту» орденінен бөлек, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалін алған. Қаза болған соң «Қызыл ту» ордені тағы бір рет берілді. 

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлеріне 5 млн теңгеден берілгені хабарланған.