Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі жылына 10 млн тоннаға жетеді — Қуантыров
АСТАНА. KAZINFORM — Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі жылына 10 млн тоннаға жетеді. Бұл туралы Астана халықаралық форумында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров айтты.

— 2024 жылы Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің жалпы көлемі 60 пайызға артты және жүк айналымын жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қытайдан Әзербайжанға жүк жеткізу бұрын 11 күнге созылса, қазір ол не бәрі 3 күнді ғана құрайды. Бұрындары теңіз арқылы жүк тасымалдауға 53 күнге дейін уақыт кететін. Ал қазір Транскаспий дәлізінің арқасында аталған ықпалдастықты күшейте түсуге, Трансеуропалық және Трансазиялық бағыттарды біріктіруге мүмкіндігіміз бар. Аталған дәліздің барлық әлеуетін пайдалану үшін бүкіл бағыт бойындағы инфрақұрылымды жаңғырттық, — деді министр орынбасары.
Сонымен қатар ол Қазақстан үшін Қорғаста логистикалық хабты дамыту стратегиялық міндет екенін баса айтты.
— Мұнан бөлек, елімізде логистикалық орталықтарды дамытуға қатысты жоспар бар. Бұл инфрақұрылымдармен қатар кедендік қызметтерді ықпалдастыру, цифрландыру, цифрлық технологияларды дамытумен байланысты. Олар көптеген жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, — деді Әлібек Қуантыров.
Айта кетейік, елордада Астана халықаралық форумы өтіп жатыр. Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған.
Іс-шараны ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтуді қолдайтынын айтты.