Ортағасырлық Жанкент қалашығында археологиялық қазба жұмысы басталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы республикалық маңызы бар ортағасырлық Жанкент қалашығында облыс әкімдігінің қолдауымен археологиялық қазба жұмысы қолға алынды.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының мәліметінше, құм астындағы құпияны ашуға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Археология және этнография ғылыми орталығының қызметкерлері, археолог ғалымдар, студенттер және орталық маманы тартылған.
— Жанкент қалашығын археологиялық зерттеу 2014 жылдан бері облыстық бюджет есебінен жүргізіліп келеді. Табылған қорғаныс қабырғалары мен мұнаралары, тұрғын үйлердің орындары, маңызды құрылыс нысандары, қыш күйдіретін пештер аршылып, консервацияланды. Тұрғын үйдің бір бөлмесінің композициясы жасақталып, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін тарихи мүсіндер қойылып, туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсарту бағытында қалашыққа дейін жол төселіп, белгіленген қорғау аймағы бойынша қалашықтың аумағы толық қоршалды. 2019-2020 жылдар аралығында және 2025 жылы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қалашықтың шығыс қорғаныс қабырғасы, цитадельдің қақпасы қалпына келтірілді. Бұл жолғы қазба жұмысы жоспарға сәйкес қалашықтың шығыс қақпасы мен шахристан бөлігін қамтиды, — деді орталық басшысы Ерқазы Алданазаров.
Тарихшылар Жанкенттің Оғыз мемлекетінің саяси орталығы болу себебін оның географиялық қолайлы аймақта, көшпенділер мен отырықшы-егіншілердің шекарасында орналасуымен, оғыз далаларын Хорезм, Мәуереннахр, Хорасан аймақтарымен жалғастырған дәліз қызметін атқаруымен байланыстырады.
— Ежелгі шаһар «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени мұралар тізіміне және «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енгізілген. Қорғау аймағы белгіленген. 2019 жылы қалашықтың аумағы толық қоршалып, стела орнатылды. Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3 D форматтағы интерактивті картасына қалашық туралы ақпарат енгізілді. Сондай-ақ QR-код тақтайшасы орнатылды, — деді орталық басшысы.
Бұған дейін біз Ұлы Жібек жолының бойында, Хорезмнен Сарысу, Торғай бойы арқылы Батыс Сібір мен Орталық Қазақстанға өтетін керуен жолдарының түйіскен жерінде орналасқан Жент қалашығы туралы жазғанбыз.