Орталық Азия – Ауғанстан: қауіп бар ма, мүмкіндік көп пе

АСТАНА. KAZINFORM – Кейбір саясаттанушылар Ауғанстанды Орталық Азия өңіріне жатқызуға болатынын алға тартады. Дегенмен, бұл – даулы мәселе. Себебі географиялық жағынан Ауғанстан Орталық Азияға жақын орналасқанымен, тарихи және экономикалық тұрғыда аймақ елдерінен едәуір ерекшеленеді.

Нұриддин Азизи
Фото: видеодан алынған скрин

Орталық Азия елдері бірнеше ғасыр бойы ортақ тарихи тағдыр мен экономикалық инфрақұрылым аясында дамып келсе, Ауғанстан ұзақ жылдар бойы азаматтық соғыстың зардабын тартып келеді. Осы орайда тарихи шегініс жасап көрсек, Ауғанстандағы ішкі қақтығыстардың бастауын Кеңес Одағы мен АҚШ арасындағы геосаяси текетірестен іздеуге болады. Суық соғыс кезеңінде басталған бұл текетірес елдің ішкі тұрақтылығына теріс әсер етіп, соғыстар мен саяси дағдарыстарға алып келді.

Мамандардың пікірінше, Ауғанстанда тұрақтылықтың орнауы Орталық Азия елдері үшін бірқатар жағынан тиімді болар еді.

  • Біріншіден, терроризм мен экстремизм қаупі азаяды.
  • Екіншіден, босқындар легі тыйылады.
  • Үшіншіден, өңірлік сауда-саттық күшейіп, экономикалық байланыс нығаяды.
  • Төртіншіден, Орталық Азия елдерінің Үнді мұхитына шығу мүмкіндігі сақталады.

Ауған билігінің соңғы әрекеттерінен саяси трансформацияға деген ұмтылыс байқалады. Ресми Кабул халықаралық әріптестікке ашық екенін көрсетіп, бірқатар елдермен сауда-экономикалық бағытта келіссөздер жүргізіп жатыр.

Олжас Бектенов пен Нуриддин Азизи сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады
Фото: Үкімет

Астанаға ресми сапармен келген Ауғанстанның өндіріс және сауда министрі Нұриддин Азизи Jibek joly телеарнасының «Жаһан жайы» бағдарламасында арнайы сұқбат беріп, еліндегі экономикалық ахуал мен сыртқы сауда перспективалары жөнінде пікір білдірді.

- Ең алдымен, Қазақстан халқына, Үкіметіне алғыс айтамын. Әсіресе, Президент мырзаға. Ислам Эмират билікке отырғалы бірінші болып Ауғанстанға келген делегация – Қазақстан. Біздің ел Орталық Азия, Пәкістан, Иран бастаған мемлекеттердің импортына тәуелді. Өзара сауда-саттықты дамытуымыз керек және Ауғанстан мен Қазақстан арасындағы іскерлік қатынастарды одан әрі нығайтсақ дейміз. Біз Қазақстанмен әрдайым тығыз қарым-қатынаста болуымыз тиіс деп есептеймін. Соңғы екі жылда Қазақстан мен Ауғанстан арасында бірнеше B2B конференция өткізілді. Өткен айда жекеменшік сектор мен ресми делегация Ауғанстанға келіп, маңызды келісімдерге қол қойды. Оңтүстік және Шығыс Азияны жалғайтын теміржол желісін іске асыру бойынша келістік. Бұл – Ауған халқының арманы еді. Байланыс кезінде болған, бірақ үзілген. Сондай-ақ Қазақстан елдегі солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын дәлізді қалпына келтіргісі келеді, бұл бастама үшін де Қазақстанға айрықша ризамыз, - деді ол.

Сондай-ақ Кош-Тепа каналының құрылысы туралы да айтты.

- Кош-Тепа каналы – Ауған халқының игілігі үшін жасалған жоба. Ол халықты кедейліктен шығаруға бағытталған. Кейбір көрші елдер су ресурсына айтарлықтай алаңдаушылық танытып отыр. Біз Ауғанстанға тиесілі үлесті ғана пайдаланамыз және тек ауыл шаруашылығын дамыту үшін қажет мөлшерде су аламыз. Қалған суды халық игілігіне үшін қолданбақпыз, - деді.

Министр Ауғанстанда дамып жатқан көлік дәліздері мен инфрақұрылымдық бастамалар туралы сұраққа былай жауап қайырды:

- Ауғанстанда транспорт секторы белсенді дамып келеді. Бұл сектор НАТО кезінде де дамыған болатын. Қазір біз солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын транзиттік жолдар арқылы жүк тасымалдай аламыз. Бізде екі негізгі транзиттік желі бар: бірі Турагунди-Герат-Кандагар-Спин-Болдакарасы, екіншісі – Хайратоннан Пәкістанмен шекаралас бірнеше өткелге дейінгі бағыт.

Сөз соңында Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмек үшін алғыс айтып, қай бағытта көмек қажеттігін де атап өтті.

- Бұл жерде де Қазақстан халқына, Үкіметіне алғысымды білдіремін. Ауғанстанда жер сілкінісі мен көшкін болғанда алғашқылардың бірі болып, Қазақстан көмек жіберді. Оны бүкіл үкіметіміз, халқымыз, зардап шеккендер жоғары бағалады. Қазақстанмен доспыз, ресми тұлғалармен қарым-қатынасымыз жақсы. Бізге білім беру және медицина саласында да көмек керек. Қазір азаматтарымыз Пәкістан мен Үндістанға барып, емделуге көп қаражат жұмсайды. Біздің үкімет осы екі саланы өз бетімен дамытуға тырысып жатыр. Сондықтан Қазақстан үкіметінен осы бағытта көмек күтеміз. Қазақстанмен бірге іскерлікті арттырамыз деп үміттенемін. Президенттеріңізбен де кездестім. Уағдаластық жасалды, - деді Нұриддин Азизи.

Айта кетсек, Астанада Қазақстан–Ауғанстан сауда байланысын кеңейту жолдары талқыланған болатын. 

Соңғы жаңалықтар