Орталық Азия елдері экономикасындағы Қытайдың қаржылық рөлі

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстан Орталық Азиядағы басқа елдермен салыстырғанда қытай капиталына тәуелділіктің салыстырмалы түрде төмен деңгейін сақтап отыр. Бұған дәлел Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк деректері негізінде жасалған жиынтық бағалаулар деп хабарлайды Finance.kz.

п
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Сарапшылардың айтуынша, өңірдің бірқатар елдерінде қытай несиелері инфрақұрылымды дамытуға, яғни энергетика, жол және транспорттық жобаларына бағытталған. Бұл ретте Қытай көбіне тек құрылысқа ғана емес, нысандарды пайдалануға беру мен қызмет көрсетуге де инвестиция салатын жүйелі инвестор ретінде көрінеді.

Орталық Азия елдерінің сыртқы қарыз құрылымындағы қытай капиталының үлесі әртүрлі. Атап айтқанда:

  • Қырғызстан – 30,5%
  • Тәжікстан – 16,1% 
  • Түрікменстан – 13,4% 
  • Өзбекстан – 7,5% 
  • Қазақстан – 3,6%

Сонымен қатар Қазақстан қарыз алудың неғұрлым әртараптандырылған құрылымын көрсетіп отыр. Мақала авторының мәліметінше, Қазақстан қытай капиталына айтарлықтай тәуелді емес.

Қытай қарызы үлесінің салыстырмалы түрде төмен болуы сыртқы міндеттемелерді басқаруда үлкен икемділікті сақтауға және тәуелділік тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ материалда Қазақстандағы қытай капиталы әртүрлі жобаларға бөлініп, экономиканың стратегиялық салаларында шоғырланбағаны атап өтіледі.

Бұған дейін Қазақстан әлемдік экономикалық кеңістіктегі беделін айтарлықтай нығайтып келеді. Халықаралық сараптамалар қорытындысы бойынша, еліміз сатып алу қабілетінің тепе-теңдігіне негізделген ЖІӨ көлемі бойынша 36-орынға тұрақтағанын жазғанбыз.