Орталық Азия елдерінің арнаулы қызметтері басшылары Ташкентте не талқылады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM - Ташкентте Орталық Азия елдерінің арнаулы қызметтері басшыларының алғашқы кездесуі өтті. Бұл туралы Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі хабарлады.

Аталған шара Өзбекстанның Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне төрағалығы аясында ұйымдастырылғаны атап өтілді. Шараның ашылуында Президент Шавкат Мирзиёевтің қатысушыларға жолдауы оқылды. Орталық Азия елдерінің арнаулы қызметтерінің диалогы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірлескен тәсілдері мен тиімді тетіктерін әзірлеуге қызмет ететіні атап өтілді.
Кездесу барысында өңір елдерінің қауіпсіздігіне төнетін заманауи қауіпт-қатерлерді бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге, сондай-ақ оларды жоюда арнаулы қызметтер арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мәселелеріне басты назар аударылды.
Тараптар аймақтық қауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымымен күрес, трансұлттық қылмыс, ақпараттық және киберқауіпсіздік қамтамасзыз ету салаларындағы өзекті мәселелерді және басқа да өзара тиімді ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Бұл шара Орталық Азия елдері арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңі болып, аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты одан әрі нығайту мақсатында арнаулы қызмет басшыларының тұрақты кездесулеріне негіз болғаны айтылды.
Еске сала кетейік, Орталық Азия елдері Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары Өзбекстанда бас қосқаны жайлы жазған едік.