Орталық Азия мен Қазақстанға инвестицияны көптеп құю керек – Еуропа депутаты

АСТАНА. KAZINFORM — Жақында Страсбургте Еуропа Парламентінің 2024 жылғы алғашқы көшпелі пленарлық отырысында депутат Карстен Люкенің (Германия) Еуропа одағының Орталық Азияға арналған стратегиясы туралы баяндамасына дауыс берілді. Қабылданған құжаттың маңызы жайында Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне Еуропарламент депутаты Тьерри Мариани (Франция) баяндады.

евродепутат Тьерри Мариани
Фото: GLOBAL LOOK PRESS

- Мариани мырза, Орталық Азия бойынша жаңа баяндама-резолюцияны қабылдаудың маңызы неде?

- Көптеген сарапшы мен Еуропа одағының үкіметтері қазір Орталық Азияға инвестиция тиісті деңгейде салынбағанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек екенін айтып жатыр.

Әлемнің бұл өңірінде экономикалық өсу, демократиялық прогресс және стратегиялық ілгерілеу байқалып отыр. Еуропа одағы көпполярлы әлемнің қалыптасуындағы осы маңызды полюстен ажырай алмайды.

Еуропа парламентіндегі Орталық Азия делегациясының мүшесі ретінде әріптестерімнің көбісінде аймақтағы жұмыс тәжірибесінің аздығы қынжылтады. Ұлттық бірігуде (Франциядағы саяси партия) біз қарым-қатынасымызды жандандырудың геосаяси қажеті бар екеніне көз жеткіздік. Біз мұны әр жиын сайын айтып келеміз.

Жалпы, Орталық Азия қазір державалар үшін инвестиция бағыты саналады. Яғни Түркия, Қытай, Ресей, АҚШ және басқа да елдер осы өңірмен тығыз байланыс орнатуға тырысып жатыр. Егер Еуропа одағы бұл маңызды сәтті назардан тыс қалдырса, онда басқаларынан қалып қоятыны анық.

– Құжатта Еуропа мен Орталық Азияның жақындасуы, оның ішінде «Орталық дәліз» жобасының болашағы туралы айтылады. Айдың соңында Брюссельде осы жоба бойынша инвесторлардың жеке конференциясы өтетінін ескерсек, бұл шара жаңа серпін береді деп ойлайсыз ба?

– 2023 жылдың 27 қарашасында Дүниежүзілік банк «Орталық дәліз» жобасы дұрыс жүзеге асса, Қытай мен Еуропа арасындағы сауда көлемін үш есеге арттыруға болатынын еске салды. Сауда шиеленісі белең алған әлемде мұндай перспективаларға ешкім бейжай қарай алмайды.

Қазақстан бұл жобадағы негізгі елдердің бірі және Еуропа одағы Қазақстанның осы стратегиядаға инвестициясын қолдайды деп сенемін. Біз геосаяси шиеленістерді еңсере білуіміз керек. Сонымен қатар, бұл дәлізді дамыту Еуропа одағы мен Орталық Азия арасындағы берік байланысты қамтамасыз етеді. Яғни осы өңірдің теңізге шыға алмайтын кейбір елдерін негізгі экономикалық ағындармен байланыстырады.

– Қазақстандағы демократиялық өзгерісті қалай бағалайсыз?

– 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың даналығының арқасында елде елеулі жетістіктер байқалып отыр.

Қазақстан оңтайлы реформаларды қолға алды, бұған 2022 жылғы маусымда өткен конституциялық референдум дәлел бола алады. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевпен кездестім. Ол өзін кәсіби шеберлігін танытты. Бұл ретте, ол Қазақстанның құқық саласындағы жетістіктері жайында егжей-тегжейлі айтып берді.

Институционалдық тұрғыда біз Қазақстандағы басқарудың толықтай дерлік қайта құрылуының куәсі болдық.

Франциядағы көптеген адам президенттің жеті жылдық бір мерзімі басқарудың ең оңтайлы түрі болады деп санайды. Қазақстан Президенті дәл осылай жасады. Қазақстандағы нағыз демократиялық өрлеудің куәсі болып отырмыз. Бұл пікір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 3 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында расталды.

Мен елдеріңіздегі демократиялық жетістіктерге тәнтімін. Бұл нақты экономикалық өсумен және жақсы жүзеге асырылған көп қырлы сыртқы саясатпен қатар жүрді.

Осы себептерге байланысты Қазақстанның Еуразия құрлығында негізгі ойыншы ретінде орнығатынына сенімдімін.