Орталық Азиядағы өзара ықпалдастық: Бірге даму мүмкін бе
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия елдерін ортақ тарих, ұқсас мәдениет, географиялық жақындық біріктіреді. Аймақтың бес мемлекеті бір-бірімен шектесіп, құрлық ішінде тұйықталған кеңістікте орналасқан. Мұндағы шешімдер өзара келіссөздер, саммиттер мен президенттердің консультативтік кездесулері арқылы қабылданады. Бұл өңірде ешбір мемлекет өзге елдерге үстемдік жүргізбейді, тараптардың барлығы тең құқыққа ие. Осы тақырыпқа қатысты Jibek joly телеарнасының «Жаһан жайы» бағдарламасында сарапшы, ғалым Абай Абылайұлы пікір білдірді.

Оның айтуынша, әлемдегі тұрақсыздық Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымағын күшейткен.
– Бұған ең алдымен геосаяси ахуал әсер етті. Аймақтың болашағына ортақ жауапкершілік бар екенін елдер түсіне бастады. Бұл – табиғи үрдіс. Екіншіден, ХХІ ғасырдағы экономикалық және цифрлық даму кезеңінде мемлекеттер арасында бәсекелестік арта түсті. Осы бәсекеде жеке-дара емес, бірігіп әрекет ету тиімдірек болатыны байқалды. Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстанның, Қырғызстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын, ортақ спорт жобаларын, түрлі форумдар мен бастамаларды бірлесіп өткізуін ерекше атауға болады. Тіпті Түрікменстан сияқты саясатына тұйық елдің де кейінгі кезде өңірлік жиындарға қатысуы – маңызды белгі. Тәжікстан да Ресеймен тығыз экономикалық байланысына қарамастан, Қазақстан бастамаларын қолдауға мүдделі екенін көрсетіп жүр. Демек, аймақ елдерін біріктіруге тарихи, геосаяси және экономикалық алғышарттар жеткілікті, - деді ол.
Сарапшының сөзінше, әлем назары қазір «орта дәлізге» ауған. Кейде оны «Түркі көлік дәлізі» деп те атайды. Ол өз кезегінде бұл бағыттың болашағы туралы да пікір білдірді:
– Аталған дәліз бұдан бұрын да құрылуы тиіс еді. Алайда, түрлі тарихи себептермен іске асуы кейінге шегерілді. Геосаяси жағдайлар, әсіресе мұнай мен газ тасымалына байланысты күрделене түсті. Ресеймен байланысты КТК секілді жобаларда туындаған қиындықтар мен Еуроодақтың 2027 жылдан бастап ресейлік энергия ресурстарынан бас тартуы – жаңа балама бағыттар іздеуге мәжбүрледі. Сондықтан қазір Еуропа елдері Қазақстанмен және жалпы Орталық Азиямен тікелей келіссөздер жүргізіп жатыр. Ол Қазақстанның ғана емес, бүкіл өңірдің ресурстарын Каспий арқылы Еуропаға жеткізуге жол ашатын стратегиялық мүмкіндік. Осылайша, геосаяси мәселелерді жеке ел емес, тұтас өңірлік деңгейде шешудің маңызы артып келеді. Бұл – Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық аренадағы рөлін арттырады, - деді ол.

Сарапшы АҚШ-та өтетін С5+1 форматындағы кездесулер мен Қазақстанда ұйымдастырылатын өңірлік жиындар да осы бағыттағы ортақ мүдделерді нақтылай түсетінін айтты.
– Бұл – барлық тарап үшін тиімді: Қазақстан үшін де, Орталық Азия елдері үшін де, Еуроодақ үшін де. Өйткені өңірде демографиялық өсім байқалып отыр. Ол – жұмыс күшінің артуы деген сөз. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу қажет болады, – деді Абай Абылайұлы.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан мен Өзбекстан табиғи өсім жағынан Еуразияда алдыңғы қатарда тұр. Қазақстан халқы 20 миллионнан асты, Өзбекстан 40 миллионға жуықтап қалды. Мұндай өсім жаңа жұмыс орындары мен әлеуметтік инфрақұрылымға деген сұранысты арттырады.
– Құқықтық тұрақтылық пен экономикалық даму арқылы ғана бұл әлеуетті тиімді пайдалана аламыз. Егер елдер бірігіп әрекет етсе, қандай да бір геосаяси қысымдарға қарсы тұра алады. Ал сенімділік болған жерде миграция азаяды, инвестиция тұрақтайды, салық түсімі артады. Яғни, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылық қалыптасады, - деді сарапшы.
Бұрын Орталық Азия елдері арасында негізінен мәдени байланыс басым болса, қазір экономикалық әріптестік те дамып келеді. Бұл – оң үрдіс. Дегенмен өңірде шешімін күткен су тапшылығы мәселесі де өзекті. Сарапшылар оны шешу үшін ауыл шаруашылығы секторына реформа қажеттігін айтады. Осы ретте Абай Абылайұлы өз пікірін білдірді.
– Әр мемлекеттің агросаясаты әртүрлі. Бірақ су ресурстарына қатысты мәселеде Қазақстан күрделі жағдайда отыр. Өйткені біз өзендердің төменгі ағысындағы елміз, су көлемі бізге жеткенше азаяды. Қызылорда облысындағы Сырдария мен Арыс өзендерінің жағдайы – соның дәлелі. Аталмыш мәселені Қазақстан нақты күн тәртібіне шығарып отыр. Егер біз көршілерімізге экономикалық және азық-түлік қауіпсіздігі бойынша маңызды рөл атқаратынымызды дәлелдей алсақ, су мәселесінде де өзара келісімге қол жеткізе аламыз. Бұл – бартер тәсілі арқылы жүзеге асуы мүмкін, - деді сарапшы.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымы 7,6 млрд долларға жеткенін жазған едік.