Орталық Азиядағы жоғары білім интеграциясы: біліктілікті тану жүйесі нені өзгертеді
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада ЮНЕСКО бастамасымен жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тануға арналған алғашқы өңірлік саяси диалог өтіп жатыр. Екі күндік жиынға Орталық Азия елдерінің білім және ғылым министрліктері, жоғары оқу орындары, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қатысып жатыр.
Диалогтың мақсаты – жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп, Орталық Азияның ортақ білім кеңістігін дамыту. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Осылайша Қазақстан мұндай деңгейдегі кездесуді өткізген өңірдегі алғашқы ел болды.
Орталық Азиядағы жоғары білім интеграциясы жаңа кезеңге өтті
Соңғы жылдары Орталық Азия елдері жоғары білім саласындағы байланысты күшейтіп келеді. Шетелдік университеттердің филиалдары көбейді, бірлескен бағдарламалар кеңейді. Студенттер алмасуы да артып отыр.
Осыған байланысты дипломдар мен біліктіліктерді өзара тану мәселесі маңызды бола түсті. Себебі студенттер мен ғалымдардың еркін қозғалысы осы жүйеге тікелей байланысты.
Сондықтан ЮНЕСКО-ның жаһандық конвенциясы мен Токио конвенциясының рөлі артып келеді. Бұл құжаттар елдердің дипломдары мен академиялық жетістіктерін өзара мойындауға мүмкіндік береді.
Қазақстанның жоғары білім және біліктіліктерді тану саласындағы ұстанымы
Диалогтың ашылуында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі. Ол Қазақстанның білім мен ғылымды дамытуға тұрақты түрде көңіл бөліп келе жатқанын айтты.
Министрдің айтуынша, Қазақстан әлемнің 40-тан астам жетекші университетімен әріптестік орнатқан. Оның ішінде QS рейтингіне енген 27 жоғары оқу орны бар. Елде халықаралық университеттердің филиалдары ашылып, ғылыми инфрақұрылым дамып келеді.
Оның сөзінше, Қазақстан өңірлік білім және ғылым орталығына айналуды мақсат етеді.
– Біз білім мен ғылым дамитын, халықаралық деңгейде мойындалатын орта қалыптастыруға күш салып келеміз, – деді министр.
Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі де көріне бастады. Ғылым туралы жаңа заң қабылданды. Индустриялық докторантура бағдарламалары іске қосылды. Университеттердің эндаумент қорлары құрылып жатыр. 2029 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаржыны ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін жеткізу жоспарланған.
Жоғары білімдегі жаңа басымдық: жасанды интеллект
Министр жасанды интеллект саласына да тоқталды. Оның айтуынша, AI-SANA бағдарламасы арқылы 673 мыңнан астам адам жасанды интеллект негіздерін меңгерген. Алғашқы кезеңге 95 университет қатысты. Қазір екінші кезеңде 80 жоғары оқу орны мен 132 мыңнан астам қатысушы нақты AI жобаларын әзірлеп жатыр.
Биыл 1 қыркүйекте Қазақстанда AI Research University ашылады. Ол жасанды интеллект пен қолданбалы ғылымдарға маманданады.
Сонымен қатар елде 6 экзафлопс көлеміндегі ұлттық AI есептеу қуаты қалыптастырылған.
Орталық Азия үшін басты мәселе – біліктіліктерді тану
Министрдің пікірінше, жоғары білімді халықаралық деңгейде дамыту үшін дипломдар мен біліктіліктердің өзара мойындалуы қажет.
Қазір бір елде білім алған түлек немесе ғылыми дәреже иесі басқа мемлекетте құжатын растауға көп уақыт жұмсайды. Бұл академиялық ұтқырлық пен еңбек нарығындағы қозғалысқа кедергі келтіреді.
– Біліктіліктерді тану жай ғана техникалық рәсім емес. Бұл – өңірлік ықпалдастықтың маңызды бөлігі. Егер студент пен зерттеуші дипломын көрші елде пайдалана алмаса, интеграция туралы айту қиын, – деді Саясат Нұрбек.
Қазақстан биыл ақпанда Токио конвенциясын ратификациялады. Осылайша Орталық Азияда бұл құжатқа қосылған алғашқы мемлекет болды. Ал өткен жылдың соңында Өзбекстан жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тану жөніндегі жаһандық конвенцияға қосылды.
Орталық Азия жоғары білім кеңістігі: 2030 жылға дейінгі жол картасы
Қатысушылар ұлттық ақпараттық орталықтардың жұмысын жетілдіруді, білім сапасын бағалау жүйелерін жақындастыруды, цифрлық сертификаттар мен микро-біліктіліктерді тану тетіктерін талқылап жатыр.
Кездесудің басты нәтижелерінің бірі – 2030 жылға дейінгі Орталық Азия жоғары білім кеңістігін дамытуға арналған өңірлік жол картасын әзірлеу.
Бұл бастама 2021 жылы қабылданған Түркістан декларациясында белгіленген міндеттердің жалғасы саналады. Құжатта жоғары білім жүйелерін жақындастыру, академиялық ұтқырлықты кеңейту және ғылыми ынтымақтастықты дамыту міндеттері көрсетілген.
Сарапшылардың пікірінше, дипломдар мен біліктіліктерді танудың ортақ жүйесі өңір елдерінің байланысын күшейтеді. Сонымен қатар Орталық Азияның жаһандық білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілетін арттыруға көмектеседі.
Астанадағы саяси диалог осы мақсатқа бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Айта кетейік, Қазақстандық ЖОО цифрлық білім беру бойынша әлемдік үздік үлгілер қатарында аталды.
https://kaz.inform.kz/news/kazakstandik-zhoo-tsifrlik-blm-beru-boyinsha-alemdk-uzdk-tazhribeler-katarinda-a-1327c71c