Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән бердік — Президент

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Президент мемлекеттер арасындағы орнықты және ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатудың кепілі ретінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән берілгенін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән бердік — Президент
Фото: Ақорда

— Мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, шығармашылық өкілдерінің байланысын жолға қою, көрнекті тұлғаларға ескерткіштер ашу — мұның барлығы бауырлас халықтар үшін өте қажет дүниелер. Білім мен ғылым саласындағы бірлескен жұмыс перспективасы, жастар арасында қарым-қатынас орнату мәселелері де талқыланды. Күні кеше Қазақстан мен Өзбекстан жастарының кезекті конгресі өтті. Бұл бағыттағы айтарлықтай ілгерілеудің жарқын үлгісі ретінде былтыр екі елдің жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Біз университеттер арасындағы ықпалдастықты нығайтуды, академиялық алмасу бағдарламаларын көбейтуді, бірлескен ғылыми форумдар мен тағылымдама өткізуді көздейміз. Қазіргі уақытта Өзбекстанның бай мәдени-тарихи мұраларына қазақ туристерінің зор қызығушылығы байқалады. Былтыр олардың саны үш миллионға жетті. Бұл саланың әлеуетін аша түсу үшін үкіметтерімізге бірлескен туристік жобаларды дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырдық, — деді Мемлекет басшысы.

Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұстанымдары ортақ екенін тағы да растаған.

— Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән бердік. Өңірдің орнықты дамуы — барлық бауырлас халықтардың түпкі мүдделеріне сай келетін ортақ мақсатымыз. Ертең біз Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 7-ші консультативтік кездесуіне қатысамыз. Қазақстан барлық деңгейде тығыз байланыс орнатып, ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін енгізген өзбек тарапының төрағалығын жоғары бағалайды. Консультативтік кездесулер форматының нормативтік-құқықтық және институционалдық негізін нығайтуға бағытталған маңызды құжаттар қабылданды. Ертеңгі Саммит біздің сан қырлы ықпалдастығымызды дамытуда тағы бір маңызды кезең болатынына сенімдімін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Мемлекет басшысы келіссөздер қорытындысына көңілі толатынын жеткізіп, Президент Шавкат Мирзиёевке айрықша қонақжай көңілі үшін ризашылығын білдірді.

Айта кетелік президенттер келіссөздердің және Қазақстан мен Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесі екінші отырысының қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдаған еді.

Соңғы жаңалықтар