Орталық Азияның Жібек жолындағы рөлі туралы қате түсініктерден арылу керек — Тұрсынхан Зәкенұлы

АСТАНА. KAZINFORM — Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану факультетінің профессоры, ғалым-жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы Ұлттық музейде өтіп жатқан халықаралық конференцияда Орталық Азияның Жібек жолындағы рөлі туралы пайымдарын ортаға салды. 

Орталық Азияның Жібек жолындағы рөлі туралы қате түсініктерден арылу керек — Тұрсынхан Зәкенұлы
Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Айта кету керек, халықаралық конференцияның тақырыбы — «Ұлы Жібек жолы: Мәдениеттер диалогы». Тарихшы ғалым іс-шарада будда дінінің Орталық Азиядағы ізі туралы баяндама оқуға шақырылған. Сол баяндамасына кіріспей тұрып, Жібек жолының төңірегіндегі қасаң түсініктерге тоқталып, шетелдік әріптестерін бұл мәселелерді тереңірек зерттеуге шақырды.

— Көп адам Жібек жолы Орталық Азияны көктеп өте шыққан деп ойлайды. Батыс мәдениеті Жібек жолы арқылы Қытайға тараған, Қытай мәдениеті Жібек жолы арқылы Орталық Азияны басып, батысқа тараған деп топшылайтындар бар. Солай да шығар бірақ, шын мәнінде, Жібек жолы біздің қазақ даласына келіп, осында тоқтап, осында байып, осыдан кейін барып не шығысқа, не батысқа бет алған. Сондықтан Қазақстан және Орталық Азия Жібек жолын байытушы, өткізуші, жеткізуші болған. Бұл жерде батыс пен шығыстың экономикалық қарым-қатынасы, рухани байланысы тоғысқан, — деді ол.

Түрколог жазушы жібек өнері қазақ халқына да жат емес екенін еске салды.

— Қазақ халқы кестелеп жібек шапан киген, жібек жіптермен түскиіз тіккен. Жалпы қазақ халқының көне кесте мәдениеті мен қытай халқының көне жібек өнерін жаңа, заманауи сипатта үйлестіріп дамытуға болады. Өйткені біз жібек жолының тоғысында тұрып, батыс мәдениетімен де, шығыс мәдениетімен де қарым-қатынасқа түскенбіз.

Тағы бір қате түсінік бар. Жібек жолы адамзат өркениетінің бесігі деп аталып жүрген аймақтарды ғана бір-бірімен жалғастырған дегенге саяды. Мысалы, Қосөзен мәдениеті, Мысыр мәдениеті, Үнді мәдениеті, Қытай мәдениеті сияқты өркениет бөлшектерін ғана бір-бірімен тоғыстырған дейтін теориялар бар. Бірақ адамдар көбіне Орталық Азия адамзат мәдениетінің бір бесігі болғанын ұмытып кетеді. Бұл жерде ортаазиялық Қосөзен мәдениеті бар, — деп қосты ғалым.

Оның пайымдауынша, Орталық Азияда жібектің қашан пайда болғанын әлі тереңдеп зерттеу керек.

— Кейбіреулер белгілі саяхатшы Чжан Цьянның батысқа саяхатынан кейін ғана Жібек жолы ашылып, жібек содан кейін пайда болды деп айтады. Шын мәнінде Чжан Цьян батысқа саяхат жасамай тұрып та жібек болған екен. Кейбір ғалымдар осындай теорияны дәлелдеп кеткен. Орталық Азиядан табылған көптеген археологиялық жетістік соны дәлелдейді. Тарым алқабынан, Мәуереннаһрдан табылған кейбір деректер соған дәлел.

Жалпы жібек адамзатты бір-бірімен байлаған. Жібектің талшығы қаншалық нәзік болса, адамзатты бір-біріне байлау қуаты соншалық күшті болған, — деді Тұрсынхан Зәкенұлы.

Бұған дейін Астанадағы Ұлттық музейде Жібек жолының мәдени ықпалы туралы халықаралық ғылыми конференция өтіп жатқанын жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар