Орталық Азияда көптеген мəселе бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары жақын
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қатынастың 25 жылдығына арналған конференция барысында Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының директоры (ҚСЗИ) Зарема Шәукенова екі республиканың көптеген өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша ұқсас позицияны ұстанатын өңірдегі негізгі елдер екендігін атап өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
«Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы негізгі мемлекеттер саналады. Біздің мемлекеттеріміз су-энергетикалық кешен, бірлескен инфрақұрылымдық жобалар және Ауғанстандағы жағдайды реттеу мәселелері бойынша ұқсас ұстанымға ие. Келесі жылы Арал теңізін құтқару халықаралық қорына 25 жыл толады. Осыған байланысты, 2018 жылы кездесулерді жоғары деңгейде өткізу туралы шешім қабылданды», - деп атап өтті Зарема Шәукенова.
ҚСЗИ басшысы Қазақстан мен Өзбекстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға маңызды үлес қоса отырып, Орталық Азияда тұрақтандырушы рөл ойнайтынын атап өтті.
«Біздің елдеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібінде Орталық Азия мәселелерін көтеру үшін бірге жұмыс істеп келеді. Осы бағыт аясында біз БҰҰ негізгі органының назарын бірлескен өңірлік жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық ұйымдарды, донорлық елдерді тартуға, Орталық Азия проблемаларын шешуге аудардық», - деп қорытындылады ол.