Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Орталықтандырылған бухгалтерия мектептерде сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді - Тараздағы тамыз педагогикалық кеңесі

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Жамбыл облысында құқықбұзушылық және сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша жауапқа тартылған мектеп басшыларының саны жылдан-жылға артып келеді. Таразда өткен педагогтардың тамыз кеңесінде осы мәселе сөз болды.

Орталықтандырылған  бухгалтерия  мектептерде   сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді   -  Тараздағы тамыз педагогикалық  кеңесі

Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев өз сөзінде атап көрсеткендей, педагогикалық кадрлардың дұрыс іріктелмеуі, білім сапасының төмендігі сияқты фактілермен қатар, құқық бұзу және сыбайлас жемқорлық фактілері де көбейіп отыр.

Облыстық білім басқармасының дерегі бойынша, 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында білім беру мекемелерінің 16 басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалған, сыбайлас жемқорлықтары үшін 47 басшы сөгіс алған. Жол берілген құқықбұзушылықтарға олардың нормативтік-құқықтық құжаттарды білмеуі негізгі себеп болған.

Осыған байланысты облыс әкімі жоғарыдағыдай құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін білім бөлімдерінің жандарынан орталықтандырылған бухгалтерия құруды ұсынды.

«Мектептердің бухгалтерлік есептерін орталықтандыру мамандардың жоғары кәсібилік деңгейін қамтамасыз етуге, сапалы жоспарлау және бөлінген қаражатты уақтылы игеру жөніндегі міндеттердің тиімділігін арттыруға, мекеме басшыларының қаржы мәселелеріне қатысты жауапкершіліктерін жеңілдетіп, олардың оқу-тәрбие үдерісіне көбірек назар аударуларына мүмкіндік береді», деген әкім, Тараз қаласының және облыс аудандарының әкімдеріне бір ай мерзімнің ішінде білім бөлімдерінің жандарынан орталықтандырылған бухгалтерия қызметтерін ашу туралы тапсырма берді.