Орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізгеннен кейін жол-көлік оқиғалары 8%-ға азайды
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жылдамдықты тіркеу жүйесі 2025 жылдың көктемінен бастап іске қосылды.

17 наурыздан бастап жолдардың түзу учаскелерінде арнайы камералар жұмыс істеп, олар жүрген қашықтықты жүріп өткен уақытқа бөлу арқылы жүргізушінің орташа жылдамдығын есептей бастады.
- 17 наурыздан 24 сәуірге дейінгі аралықта жүргізілген талдаудың нәтижесі бойынша камералар орнатылған жол учаскелерінде жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға төмендегені анықталды. Сонымен қатар, жарақат алғандардың саны 29%-ға азайды. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігінің артқанын көрсетеді, - деп жазды ҚазАвтоЖолдан.
Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жүргізушілердің тәртібіне оң әсерін тигізуде: олар белгіленген жылдамдықты жиі сақтап, жол-көлік оқиғаларының тәуекелін айтарлықтай төмендетуде. Соның нәтижесінде жолдардағы жарақаттану деңгейі азаюда.
Естеріңізге сала өтейік, орташа жылдамдық келесі жол учаскелерінде бақыланады: Астана – Щучинск (жылдамдық шектеуі 140 км/сағ); Астана – Павлодар (жылдамдық шектеуі 140 км/сағ); Шымкент – Қызылорда (жылдамдық шектеуі 110 км/сағ); Шымкент – Тараз (жылдамдық шектеуі 110 км/сағ); Павлодар – Семей – Қалбатау (жылдамдық шектеуі 100–110 км/сағ); Орал – Ресей шекарасы (Саратов бағыты) (жылдамдық шектеуі 100 км/сағ); Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы бағыты) (жылдамдық шектеуі 100–110 км/сағ).
- Бүгін де аталған шаралар өз тиімділігін көрсетіп, елдің негізгі автожолдарында қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға ықпал етуде, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Қызылордада жылдамдық режимін 17 рет бұзған жүргізуші анықталды.