Орташа жылдамдықты есептеу тәсілі көлік апаттарының санын 10 пайыз азайтқан
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Иманашев Үкімет отырысында айтты.
— Орташа және белгіленген жылдамдықты есептеу механизмін енгізу нәтижесінде жол бойындағы қауіпсіздік артып, жол-көлік оқиғаларының саны шамамен 10% төмендеді. Бұл ретте көлік ағымы 45 миллионнан 54 миллионға дейін, яғни 20% өсті, — деді ол.
Компания басшысы электрондық кезек жүйесімен интеграциялау жұмыстарының арқасында шетелдік жүк көліктерінен түсетін төлем екі есе артқанын мәлім етті.
— Жол ақысын екінші деңгейлі Kaspi, Halyk және Freedom банктерінің қосымшаларымен төлеу мүмкіндіктері кеңейтіліп, сондай-ақ Kassa24 және QIWI секілді төлем операторларымен толықты. Республикалық автожолдардағы қозғалысты ашу, шектеу туралы өзекті хабарламар Яндекс Карталар, ЕкіГИС және InDrive платформаларына автоматты түрде жүктеліп отыр, — деді Дархан Иманашев.
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» компаниясының ақылы жолдардан алатын қаражатын жауапты органдар жыл сайын тексеретіні айтылған болатын.
Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Иманашев ақылы жолдардан түскен ақшаны қайда жұмсап жатқандарын түсіндірді.