Орынбор форумында Батыс пен шығыс бас қосты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Орынбор - Еуразияның жүрегі» деп аталған алтыншы халықаралық форумда Қазақстаннан, Армениядан, Қырғызстаннан, Беларусь елінен, Тәжікстан мен Өзбекстаннан, сондай-ақ өзге де мемлекеттерден келген делегациялар бас қосты. Бұл туралы «Ақтөбе» газеті жазады.

Орынбор форумында Батыс пен шығыс бас қосты

Басқа қатынасты айтпағанда, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізі арқылы үзіліссіз қатынасып жататын ақтөбеліктерге Орынборға бару таңсық емес. Былай қарағанда күнбе-күн араласып отыратын екі үйдің бірі сияқты. Екі өңірдің көршілік, іскерлік байланыстары бұған дейін де берік қалыптасқан.

Осындай достық ахуалдағы Ақтөбе делегациясын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастап келді. Бұл топ құрамына шекаралас Мәртөк, Қобда аудандарының әкімдері, бірқатар облыстық басқарма басшылары, сонымен бірге бизнес-қауымдастық өкілдері енді.

Форум барысында Орынбор губернаторы Юрий Берг Ақтөбе облысының өздері үшін неғұрлым маңызды стратегиялық әріптес екенін бірнеше рет атап көрсетті. Жиын барысында ол Бердібек Сапарбаевты Еуразия экономикалық қауымдастығы елдерінің өнімдері қойылған халықаралық көрме жұмысымен таныстырды.

Бұл көрме арқылы ақтөбелік кәсіпорындар да өз мүмкіндіктерін кеңінен көрсете білді. Биылғы көрмеде Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты, «Технодом», «Айс», «АкТеп», «Айбек» ЖШС-лары және бірқатар ірі кәсіпорындары өнімдері жұртшылық талғамына ұсынылды. Бұл көрме ақтөбелік бизнес қауымдастығы өкілдері үшін өз өнімдерін ұсыну және өткізудің жаңа нарығын табу бойынша ілгері қадам іспетті болды.
- Біз мұнда өзіміз шығаратын сүт, айран өнімдерінің қырықтан астам түрін алып келдік, - деді «Айс» ЖШС коммерциялық директорының орынбасары Олег Нараханов, - біздің кәсіпорынның алдына қойып отырған мақсатының бірі - Орынбор нарығына кеңінен шығу. Бүгінгі күні бұл аймаққа тартылған өз желіміз бар, енді басқа да ресейлік әріптестерімізбен байланысымызды одан әрі нығайтқымыз келеді. Бұған аймақаралық ынтымақтастықты өрістету арқылы көз жеткіземіз ғой деген ойдамыз.

Форум барысындағы өзгешелік - тұп-тура космос станциясынан тікелей эфирде ғарышкер Андрей Борисенко сөз сөйлеп, «Халықаралық космостық бағдарлама мен орбитадағы біздің экипаждың жұмысы - сіздер күн тәртібіне қойып отырған сондай ынтымақтастықтың нақты мысалы. Бүгін Орынборда әртүрлі мемлекеттердің өкілдері бас қосты. Оның мүдделер жақындастығына, адамдардың бірін-бірі түсінісуіне қызмет ететіндігіне сенеміз», - деп жылы лебізін білдірді.

«Еуразиялық кеңістіктегі Орынбор облысының халықаралық ынтымақтастық әлеуеті» тақырыбындағы жиында губернатор Юрий Берг Қазақстаннан келген әріптестеріне ыстық ықыласын танытты. Әсіресе берік экономикалық байланыс орнатудағы әкім Бердібек Сапарбаевтың еңбегін жоғары бағалады.

- Біздің Ақтөбе облысы шекаралық аймақаралық деңгейде қалыптасқан қоғамдық-саяси қатынастарға белсене араласып келеді. Орынбор - біздің ортақ шекарамыз бар ресейлік аймақ. Яғни біз өзіміздің негізгі сауда әріптесіміз болып табылатын осы Орынбор арқылы Ресейдің барлық өңірлерімен жұмыс істейміз. Ақтөбе облысы әкімдігі мен Орынбор облысы Үкіметі арасындағы 2012 жылы қол қойылған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісім біздің өзара жұмысымыздың құқықтық негізі болып табылады.

«Aktobe Invest - 2016» халықаралық инвестициялық форумын өткізу барысында игі бастама өз жалғасын тапты. Біздің облысымыз өңірдің қарқынды дамып келе жатқан экономикасына инвестиция тартуға және өзара ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға мүдделі, - деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев форумда сөйлеген сөзінде.

Облыс басшысы атап көрсеткендей, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ширек ғасыры ішінде Ақтөбе облысы мен Ресейдің арасындағы тауар айналымы 70 миллион АҚШ долларынан 862 миллион АҚШ долларына дейін көтеріліп, 12 есеге ұлғайды. Жыл өткен сайын Ақтөбеде ресейлік капиталдың қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындар саны ұлғая түсуде. Облыс аумағында қазіргі уақытта шетелдіктердің қатысуымен 1084 кәсіпорын жұмыс істейтін болса, осылардың ішінде 534 кәсіпорын - Ресейдің үлесінде.

Екі өңір арасында өзара тиімді қатынастарды одан әрі дамытуға қолайлы жағдайлар жасау үшін Ақтөбе облысы басшылығы тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе облысы аумағында 628 шақырымы белгіленген мерзім ішінде пайдалануға берілуі бұл жолмен жүретін көліктердің және жүк тасымалының екі есе артуына мүмкіндік берді. Аталған жол құрылысы толық аяқталған жағдайда Қытайдан Ресейге жүк жеткізу мерзімі 40 тәуліктен 10 тәулікке дейін азаятыны белгілі болып отыр.

Бүгінгі күні ұзындығы 135 шақырым болатын Ақтөбе-Орск автожолын жөндеу жұмыстары басталды. Оны 2018 жылы аяқтау көзделуде.

Астанадан бастау алып, Ақтөбе - Атырау бағытында өрістейтін жол Ресей шекарасы арқылы Астраханьға шығады.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің пайдалануға берілуімен байланысты «Жайсаң» өткізу бекетінің жұмысын жаңғырту қажеттігі білінді. Соған байланысты қазір қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін бекеттің өткізу мүмкіндігін тәулігіне 2000-нан 8000 автокөлікке дейін ұлғайтуға жол ашылмақшы.

Шекаралық аймақтардың кәсіпорындары арасында өзара тығыз және берік байланыс орнатылғаны туралы мысал келтірілгенде «Ақтөбе рельс арқалығы зауыты» АҚ жұмысы алға тартылды. Мәселен, зауыт рельс прокаты үшін «Металлинвест» компаниясымен байланыс жасайды, сол сияқты «Қазхром» ТҰК» АҚ Новотроицк хром қосындылары зауытына шикізат жеткізеді. Бірқатар кәсіпорындар арасында цемент, мұнай және мұнай өнімдерін, азық-түлік тауарларын, қара және түсті металдарды жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімдер жасалған.
Бердібек Сапарбаев өз сөзінде Ақтөбе аймағының бірегей минералдық-шикізат базасы мүмкіндіктерін таныстырып, әртүрлі салалар бойынша инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау жасалатынын жеткізді.
- Соңғы бес жылдың ішінде ғана облысқа 12,6 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция тартылды, оның 36 пайызы - шетелдік инвестиция үлесі. Осы мерзімде біздің облысымыз республика бойынша шетелдік инвестицияны тарту жөнінен екінші орында. CNPC, KNOC, ERG, «Орыс мыс компаниясы» секілді алпауыт құрылымдары бар шетелдік капиталдың қатысуымен кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде, - деп атап көрсеткен Бердібек Сапарбаев орынборлық кәсіпкерлерді бүгінгі күні газы да, электрі де едәуір арзан саналатын Ақтөбеге келіп жұмыс істеуге шақырды. Бұл ретте «Ақтөбе» индустриалдық аймағының мүмкіндіктерін де таныстырып өтті.

Форумдағы қорытынды сөзінде Бердібек Сапарбаев бұл ауқымды шараның экономикалық дағдарыс кезеңінде ерекше маңызға ие екендігін атап көрсетті.

«Жалпы экономикалық сектордағы нақты іс жағдайын айқын білетін халықаралық сарапшылардың форумға қатысуы да бізге көп көмегін тигізеді», - деді ол.

«Бизнес-класс» кәсіпкерлік бағдарламалар және бизнес-жобалар конкурсы Орынбор облысы шағын және орта бизнес өкілдері арасында өткізілуі форумға қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Конкурстың ұйымдастыру комитетіне ресейлік жастар өкілдерінен алты жүзден астам өтінімдер түсті. Сарапшылар кеңесі ақтық сайысқа жіберілетін 50 жобаны іріктеп алды. «Бизнес-класс» конкурсының қорытынды кезеңі «Орынбор - Еуразияның жүрегі» форумында өтті.

Шешуші сайыста сегіз команда мен олардың тәлімгерлері 10 миллион рубль үшін бәсекеге түсті. Басты жүлде үшін «Ауыл шаруашылығындағы ұшқышсыз технологиялар», «Кабельдік зауытты жасақтау», «Ірімшікті снэктер өндірісі», «Кондитерлік өнімдер мен бакалеялар өндірісі», дербес балалар кітабын шығаратын «My name book», қырып-пісіру өндірісімен шұғылданатын  «Atlas Coffee», «Территория» ұлттық паркі бойынша жолбасшы-мобильді қосымша және басқа жобалар бойынша авторлар сайысқа шықты.

«Бизнес-класс» конкурсының ақтық сайысына қатысушылар халықаралық форумның жабылу салтанаты кезінде марапатталды. Дербес балалар кітабын шығаратын «My name book» жобасы жеңімпаз атанып, авторлары 10 миллион рубльдің сертификатына ие болды.

Губернатор Юрий Берг лауреаттарға сертификат тапсыра отырып, ақтық сайысқа қатысушылардың барлығы да үздік жобалар ұсынғанын атап көрсетті.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасы бойынша конкурс халықаралық деңгейге көтеріліп, қолдау табатын болады.

- Бұл - жақсы конкурс, ол ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдап қана қоймай, сонымен бірге жастарға болашағы бар бизнес-идеяларды жүзеге асыруға да мүмкіндік береді. Біз ақтық сайысқа қатысуға және келер жылы жобаны бірігіп атқаруға әзірміз, - деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.

 Біздің «Ваниль»

Ақтөбелік «Ваниль» кондитерлік кәсіпорнының Орынбордан да бір отауын көтеруі біздің кәсіпкерлеріміздің құлашын кеңге жая бастағанын көрсетеді. Бұл дүкен өзінің тұтынушылары үшін биылғы жылғы шілде айында есігін ашыпты. Содан бергі аз ғана уақыт ішінде көпке танымал болып үлгергендігі байқалады. Қазіргі уақытта «Ванильдің» орынборлық бөлімшесі 200-ден астам кондитерлік өнімдер түрлерін шығарады.

Орынбор сапары кезінде Бердібек Сапарбаев губернатор Юрий Бергпен бірге осы кәсіпорын жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Зәуреш Еркіналинова жергілікті тұрғындар бұл жерге көп келетінін, әсіресе түрлі торттарға, өзгеше түрде жасалатын тәттілерге көптеп тапсырыстар беретінін айтты.

Ақтөбенің бренді болып табылатын шоколад түріндегі жент те «Ванильдің» өзгеше өнімдерінің бірі. Әкім губернаторға женттің ерекшелігі туралы кеңінен айтып берді.

- Дүкенде негізінен орынборлықтар қызмет етеді. Олардың барлығы да алдын ала ақтөбелік шеберлер ұйымдастырған біліктілік әзірліктерінен өткен. Қазір барлығы да талапқа сай еңбек етуде, - деді Зәуреш.
- Өнімдеріңізді тұрақты түрде жарнамалау қажет, сонда ғана көздеген мақсатқа тез жетуге болады, - деп кеңес берді облыс басшысы. - Біздің бүгінгі келуіміз де сіздердің жұмыстарыңызға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Енді сіздердің кәсіпорындарыңыз туралы орынборлықтар телехабар арналарынан білетін болады.

  

Орынбордың түбіт шәлісі
Облыс әкімі «Орынбор түбіт шәлісі» индустриалды паркінде болды. Бұл кәсіпорын 40 гектардан астам аумақта орналасқан. Парк аймағының жартысынан астамын өндіріс орындары иеленген. Бұл - түбіт шәлі фабрикасы, шұлық фабрикасы, балалар трикотажы фабрикасы. Дүкендер бірінші қабатта орналасқан. Жоғарғы қабаттарда дизайнерлер үшін офистер бар. Индустриалды паркте үш бағытта жұмыстар жасалады, олар: жеңіл өнеркәсіп, халықтық және көркем кәсіпшілік, балалар тауарлары индустриясы.

Бердібек Машбекұлы индустриалды парк кәсіпорнына ақтөбелік шикізатты жеткізу туралы ой қозғады. Мәселен, көпке танымал орынборлық түбіт шәлілерді шығаруда пайдаланылатын ешкі түбітін біздің облысымыздың фермерлік қожалықтары да дайындай алатынын айтты. Ақтөбе және Орынбор облыстары бірдей табиғи-климаттық аймақта орналасқандықтан, өнімдердің сапалары да деңгейлес болып шықты.

Өндірістік цехтарды аралау кезінде облыс басшысы индустриалды парк басшылығымен өзара тиімді ынтымақтастықтың басқа да салаларын талқыға салды.

Орынбор облысының перинатальды орталығында болғанда Бердібек Машбекұлы құрылымы екіқабат әйелдер мен жаңа туған сәбилерге медициналық көмек көрсетудің жоғары деңгейдегі талабына сәйкес жұмыс істейтін медициналық мекеменің жұмысымен танысты.

 Бауырластық сезімімен

Орынбордағы форум өткізілген «Армада» көп функционалды кешенінде  облыс әкімі осы аймақтағы қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесті. Бұл жүздесуге «Орынбор қазақтары ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері де келді.

 

Облыс басшысы кездесуді аша отырып, осы шараға қатысқан губернатор Юрий Бергке қазақ диаспорасына үнемі жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс сезімін білдірді.

Бердібек Машбекұлы жиналғандары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, бұл мерекенің Қазақстанның алғашқы астанасы - Орынборда тұрып жатқан бауырластар үшін де маңыздылығын атап көрсетті.

Қазіргі уақытта шекаралық өңірде 120 мыңнан астам қазақтар тіршілік етуде. Олардың 95 пайызы Қазақстанмен тікелей туыстық байланыстары арқылы тұрақты қарым-қатынас жасап тұрады. Орынбор өңірінде 13 қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестіктері жұмыс істеуде. Олардың бәрінің басын қосатын «Орынбор қазақтары ассоциациясы» бірлестігін Жәнібек Иткөзов басқарады.

Жәнібек сонымен бірге облыс қазақтарының үні - «Жаңа Айқап» газетінің де редакторы. Бұл басылым айына бір рет 1500 таралыммен шығып тұрады. «Отаның - барың, ана тілің - арың!» ұранымен жарық көретін бұл басылым алаштың ардақты перзенттерінің ізімен орынборлық қазақтардың рухани ағартушысы қызметін атқаруда.

Орынбор қаласында тұратын Мұрат Досмұрзин бұл кездесуге зайыбы Мәрияммен келіпті, өзі құрылыс саласында еңбек етеді екен. Жәния, Мәлік атты балалары жоғары оқу орындарын тәмамдаған, енді мамандықтары бойынша қызмет істеуде.

- «Жаңа Айқап» газетін үйімізге жаздырып аламыз, сондай-ақ «Отау-ТВ» арқылы Қазақстан жаңалықтарын үнемі көріп отырамыз. Ақтөбеге, Алматыға туыстарымызға барып тұрамыз. Өзіміз жеке үйде тұрамыз, балаларымыз үшін деп қала сыртынан коттедж де салып қойдық, - деп Мұрат ағынан жарылды. Сонымен бірге жергілікті қазақтар болып әртүрлі шараларда, әсіресе Наурыз тойында бас қосып тұратындықтарын айтты.

Басылым басшысы кездесу барысында осы жайларды тілге тиек етті.

Осы кездесуге Орынбор қаласындағы екі жоғары оқу орнында - мемлекеттік университетте және мемлекеттік аграрлық университетте білім алып жатқан ақтөбелік жастар да келді. Аграрлық университетте оқитын 30 студенттің 28-і - мәртөктік жастар. Олардың бірқатары таяу болашақта туған жерлерінде құрылысы қолға алынатын ірі құрама жем фабрикасында еңбек ететін болады.

- Бүгінгі күні Орынборда жүзден астам ақтөбелік жастар жоғары білім алу жолында. Ең бастысы - сіздер арқылы Қазақстанды таниды және бағалайды, соны ұмытпаңыздар, біздің ата-бабаларымыз қалыптастырған достық, ынтымақтастық жолын одан әрі лайықты түрде жалғастырыңыздар, - деп тілек білдірді оларға облыс әкімі.

Бірінші курста оқитын студенттерге олардың ай сайынғы стипендиясы мөлшерінде сыйлық таратылды, сондай-ақ кездесуге келгендердің барлығына Ақтөбе облысының тыныс-тіршілігін баяндайтын кітаптар мен журналдар, базарлық ретінде тәттілер таратылды.