ОСК Ақтөбе облысы бойынша Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу мен ұсыну мерзімдерін ұзартты
АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2011 жылғы 19 тамызға тағайындалған ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға байланысты Ақтөбе облысы бойынша ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына кандидаттарды тіркеу мен ұсыну мерзімдерін ұзарту туралы қаулы қабылдады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның 71-бабы 7-тармағына және Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының ұсынымы негізінде осы қаулы қабылданып отыр. Осыған орай, Ақтөбе облысы бойынша 2011 жылғы 19 тамызға тағайындалған Сенат депутаттарын сайлауға кандидаттарды ұсыну 2001 жылғы 31 шілдеге дейін, оларды тіркеу 2011 жылғы 5 тамызға дейін ұзартылады», - деді жиын барысында ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов.
Оның айтуынша, кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған күні Сенаттың депутаттығына екіден кем кандидат тіркелген жағдайда Орталық сайлау комиссиясы тиісті аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша кандидаттарды ұсыну мерзімін 20 күннен аспайтын мерзімге ұзартады. «Ақтөбе облысы бойынша 3 кандидат тіркелген еді, олардың екеуі өздері ұсыныс жасап, кандидаттықтан бас тартты», - деді Б. Мелдешов. Яғни ОСК қабылдаған қаулыға сәйкес, Ақтөбе облысынан Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу 5 тамызда аяқталады. Ал сайлау алдындағы үгіт-насихат 2011 жылғы 6 тамыздан басталады. «Қалған іс-шаралар жоспары еш өзгеріссіз қалады», - деді Б. Мелдешов.