ОСК бұрын тіркелген партиялық тізімдерден Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер 18 кандидатты шығарып тастау шешімін шығарды

АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясы бұрын тіркелген партиялық тізімдерден Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер 18 кандидатты шығарып тастау туралы шешім шығарды.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте мәлім болды.

«Сайлау туралы» Заңның 89-бабы, 2-інші тармағына сәйкес, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тіркелгенге (ред.-депутаттыққа үміткер ретінде) дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті. Бұл ретте, табыс пен мүлік туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықталған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы «Сайлау туралы» Заңның 89-бабы, 6-ыншы тармағының 5-тармақшасына сәйкес партиялық тізімге енгізілген және осы құқық бұзушылыққа жол берген адамды партиялық тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды», - деді ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, Заң кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) декларацияланбаған қаржы-қаражатының сомасына немесе декларацияланбаған жылжитын және жылжымайтын мүлкіне қатысты қандай да болмасын сандық өлшемдерді белгілемейді. ОСК декларацияда көрсетілген мәліметтерде салық органдарының деректерінен айырмашылықтың болуы, не болмауы фактісін негізге алады.         

«Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске сәйкес, салық қызметі органдарының салық төлеушілер туралы алған мәліметтері салықтық құпия болып табылатындықтан, біз нақтылы тұлға қандай қаражат сомасын немесе қандай мүлкін декларацияламағанын айтуға құқылы емеспіз. Десек те, сөз миллиондаған теңгемен немесе ондаған мың АҚШ долларымен есептелетін қомақты қаржы-қаражаты туралы болып отырғанын айта аламын. Сондай-ақ, декларацияда жылжымайтын мүлік объектілерін, пәтерлерді, жер учаскелерін, автокөліктерді, сондай-ақ коммерциялық серіктестіктердегі, қоғамдастықтар мен кәсіпорындардағы үлестерін көрсетпеу фактілері бар», - деп атап өтті ҚР ОСК-ның отырысынан кейін болған брифингте Қ.Тұрғанқұлов.    

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтың  айтуынша, ОСК Қаулысына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының партиялық тізімінен Нұрлан Абдуллин, Асхат Акчурин, Жәния Әубәкірова, сондай-ақ «Қазақстанның «Ақ Жол» демократиялық партиясының партиялық тізімінен Ерлан Барлыбаев, Берік Дүйсембинов, Телеубек Ерғалиев, Көпесбай Жампейісов, Болат Момышев шығарылды.

Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның партиялық тізімінен Аманжол Дәукенов, Өтеген Ихсанов, Шаруа Пірмат, Серік Рақымберлин, мұнымен қоса,  «Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясының партиялық тізіміндегі Қасымхан Ақтаев  алынып тасталды.

«Әділет» Демократиялық партиясының партиялық тізімінен Шәйзада Бекішева, Гүлмира Князбекова, Жарылқап Қалыбай, Қазақстан Патриоттары партиясының партиялық тізімінен Берік Аманбаев,  Владимир Лопаткин шығарылды.  

Соңғы жаңалықтар