ОСК-да кезектен тыс Мәжіліс депутаттарының сайлауында ақпараттық дауларды қарау жөніндегі Қоғамдық кеңес құрылды

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында мәлім болды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың мәліметтеріне қарағанда, осы уақытта Қоғамдық кеңестің ережесі де бекітіліп үлгерген. Қоғамдық кеңестің құрамына елімізге танымал заңгерлер мен саясаттанушылар, аймақтық және республикалық жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары енген. Сондай-ақ олардың арасында уәкілетті органдар мен Орталық сайлау комиссиясының, Байланыс және ақпарат, Әділет министрлігінің өкілдері де бар.
«Қоғамдық кеңес сайлау науқаны барысында туындаған ақпараттық дауларды алқалы түрде қарайды және Орталық сайлау комиссиясының жанындағы кеңесші-консультативті орган болып табылады. Кеңестің басты мақсаты - сайлауға қатысушылардың барлығының бірдей ақпарат алып, сайлау үдерісін объективті түрде насихатталуын қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар кеңес Ақпарат құралдары өкілдерінің сайлауға қатысушылармен қарым-қатынас барысында заңды мүдделері мен құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді. Бұған қоса кеңес бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби ұстанымдар мен этикалық нормаларының сақталуына ықпал етеді»,-деді ОСК төрағасы.