Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ОСК Құрылтай сайлауына арналған бюллетеньдегі партиялардың орналасу ретін жеребемен анықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық сайлау комиссиясында Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған бюллетеньде саяси партиялардың орналасу ретін анықтау үшін жеребе тарту рәсімі өтті.

құжат
فوتو: ۆيكتور فەديۋنين/kazinform

ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 37-бабына сәйкес, саяси партиялардың атаулары сайлау бюллетеніне жеребе арқылы айқындалған тәртіппен енгізіледі. Сондай-ақ бюллетеньде «Бәріне қарсымын» деген жол қарастырылады.

– Жеребе тарту Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 13 шілдедегі №15/214 қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес өткізілді. Әрбір конверттің ішіне реттік нөмір жазылған бір ғана парақ салынды. Саяси партиялардың өкілдері кезекпен конверт таңдап, ішіндегі нөмірді жариялады. Конверттен шыққан нөмір партияның сайлау бюллетеніндегі реттік нөмірі болып саналады, – деді Мұхтар Ерман.

Жеребе тарту қорытындысы бойынша саяси партиялар сайлау бюллетенінде мынадай ретпен орналасты:

1. «Әділет» партиясы;

2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;

3. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;

4. Қазақстан Халық партиясы;

5. «Ауыл» партиясы;

6. «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы;

7. «Respublica» партиясы.

ОСК мәліметінше, жеребе тарту нәтижелері тиісті хаттамамен рәсімделіп, комиссия мүшелерінің қол қоюына ұсынылды.

Бұған дейін Құрылтай депутаттарының мандаттарына қанша үміткер тіркелгенін жазғанбыз.