Өскелең ұрпақ заман көшінен қалып қоймауы керек - экономист Жасқайрат Сүндетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ширек ғасырлық межені атап өткен Қазақстанның экономикалық жай-күйі қандай деңгейде? Үстіміздегі жылы қол жеткізген нақты табыстарымыз қандай? Ауыл шаруашылығы саласы қалай дамуда және оның алдағы бағыттары қандай болмақ? Ауыл шаруашылығы академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Жасқайрат Сүндетов, міне, осы мәселелер төңірегінде ҚазАқпарат тілшісіне арнайы сұхбат беріп, өз ойларын ортаға салды.

Өскелең ұрпақ заман көшінен қалып қоймауы керек - экономист Жасқайрат Сүндетов

- Жасқайрат Сүндетұлы, міне, 2016 жылға қорытынды жасайтын да уақыт келіп жетті. Бұл елеулі оқиғаларға толы жыл болды. Экономика саласының маманы ретінде қандай ой-пікір білдірер едіңіз?

- Дүниежүзілік жағдайға назар аударсақ, әлемнің әр елінде түрлі оқиғалар болып жатыр. Жаһандық қаржы дағдарысы алпауыт мемлекеттерге де, экономикасы шағын елдерге де өз әсерін тигізуде. Сауда-экономикалық ынтымақтастық саласында көптеген мәселелер қайта қарастырылылып, жаңа келісімшарттар жасалуда. Мұның сыртында бір елдердің екінші елдерге санкция қоюы да сауда айналымының тұрақты ырғағына нұқсан келтіруде. Бір елдер байып, шалқып жатса, енді бір елдерде соғыс жүріп жатыр. Халқы қасірет шегіп, босқынға айналып жатқан жұрттар қаншама?! Әлем елдерінің  экономикасы бір-бірімен тығыз байланысты, ал қазіргі жағдай оны күрделендіре түсті.

Қаржы саласындағы тұрақсыздыққа байланысты қиындықтар да болғаны рас. Күрделі кезеңді бастап кешіп жатырмыз. Қандай қиындықтар мен кемшіліктер болғаны да айтылып жүр ғой. Дегенмен біз кемшіліктерді айтып, батпаққа батып қалған машина сияқты бір орында тұра бермей, алдағы бағыт-бағдарымыз жайлы айтқанымыз жөн шығар деп ойлаймын.

Жалпы алғанда, 2016 жыл Қазақстан үшін жаман болған жоқ. Әрине, жаһандық қаржы дағдарысы өз әсерін тигізіп отыр. Жылдың басында теңгеміздің құнсыздануы үлкен соққы болып тиді. Ақшаның құнсыздануы халыққа ауыр тисе, екінші жағынан отандық өнімдерді экспортқа шығаруда өз тиімділігін байқатты. Өткен тоғыз айдың қорытындысында ел экономикасында 1-1,5 пайызға дейін өсім болды. Бұл елдің экономикалық құлдыраудан аман қалып, жаңа үдеріске көше бастағанын көрсетеді.

Ел экономикасының тұрақтылығы сақталуында жаңа индустриялық-инновациялық бағдарламалардың үлесі зор. Бұл - Елбасының бастамасымен іске асырылып жатқан және оның тікелей бақылауындағы бағдарлама. Сонымен қатар аталған бағдарлама өңірлерде жаңа өндіріс орындарының ашылуына тың серпін әкелді.

Біз алдағы уақытта дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін барлық салада нақты қадамдар жасауды қолға алдық. Соңғы екі-үш жылдың ішінде индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде 700-ден астам ірі-ірі кәсіпорындар іске қосылды.

Енді ауыл шаруашылығы саласына келсек, аталған саланы дамыту мақсатында біраз істер атқарылды. Бұл жерде АҚШ пен Еуроодақтың қойған санкцияларына байланысты олар Ресейден, Беларусьтен, бізден және басқа елдерден азық-түлік өнімдерін алмай қойды және өздерінікін беруден де бас тартты. Мұндай келеңсіз жағдайдың екінші жағы да бар. Осы шектеулерден кейін біз өз өнімдерімізді көптеп шығаруға мүмкіндік алдық.

Соңғы жылдары Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Шағын кәсіпкерлік саласы дами бастады, шаруа қожалықтары оңтайлы жұмыстар жасап, өз шаруашылықтарын өркендете түсуде. Соның нәтижесінде жыл сайын төрт түлік малдың саны да көбейіп келе жатыр.

Елбасының тапсырмасы бойынша соңғы жылдары еліміздің әр өңірінде мал бордақылау орындары салынды. Яғни, сапалы мал өнімдерін шығару үшін бізге осындай кешенді орталықтар қажет еді. Ол жерде негізінен асыл тұқымды малдың жақсы күтімде болуына, қатерлі аурулардан қорғалуына баса мән беріледі және қатаң талап қойылады. Биыл 20 мың тоннадан астам етті шетелге шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта оны ет түрінде ғана емес өңдеп, дайын тағам ретінде экспортқа шығару мәселесі алға қойылып отыр. Және көлемі де арта түсетін болады.

Сондықтан 2016 жыл еліміз үшін елеулі жыл болды деп айта аламын.

- Келешекке қандай болжамдар жасалып отыр?

- Таяуда ғана тәуелсіз елімізге 25 жыл толды. Осы кезең ішінде қандай жетістіктерге жеткеніміз туралы Елбасы салтанатты жиында мәлімдей келіп, негізгі 7-8 басымдықты айтып өтті. Мемлекет басшысы елімізге жаңа технологияларды алып келу арқылы, инновациялық жобаларды іске асыру нәтижесінде нақты табыстарға қол жеткізетінімізді мәлім етті. Соның арқасында өндіріс те, елдің экономикасы да 3-4 пайызға дейін өсуіне мүмкіндік болатынын ескертті.

2016 жылдағы ауыл шаруашылығы жетістіктерінің бірі - мол астықтың жиналғандығы. Мұндай табыс біраз жылдан бері болмап еді. Ел қамбасына 20 млн. тоннадан астам астық құйылды. Бұған дейін шетелге 5-6 млн. тонна астықты экоспорттаған болсақ, енді бұл көреткішті 7-9 млн тоннаға дейін көбейтуге мүмкіндік туып отыр.

- Ел Тәуелсіздігінің мерейтойына орай өткен салтанатты жиналыста Елбасы суармалы жерлердің көлемін арттыру мәселесін қозғады. Сіздің қосар пікіріңіз?

- Суармалы жердің тиімділігі мол екені анық. Соған орай оның көлемін арттыру қажеттігі күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұрын бізде 2 млн гектардай суармалы алқап болатын-ды. Алайда, нарық заманы басталғанда, оның біразынан айырылып қалдық. Өткен жылға дейін 1,5 млн гектардай суармалы жерді пайдаланып келдік. Енді жер көлемін ұлғайтып, жаңа заманауи технологиялар арқылы тамшылатып суаруды қолға алғалы отырмыз. Еліміздің оңтүстігінде, әсіресе, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бұл сала жақсы дамып келеді.

Тамшылатып суару - мол өнім алудың және еңбек өнімділігін арттырудың негізі. Ол, біріншіден, біз қолданатын техниканың көлемін азайтады, екіншіден, суды үнемдейді, үшіншіден, егістік алқабына сумен бірге тыңайтқыштарды беруге жағдай жасайды. Содан келіп көкөністің өнімділігі 3-5 есеге дейін артады.

Сол сияқты соңғы жылдары жылыжайлар салу ісі жақсы қарқын алды. Соның нәтижесінде қысы-жазы көкөніс өнімдері дастарханымыздың сәнін де, дәмін де келтіріп тұр. Бұрын ол өнімдер негізінен Қытай, Өзбекстан сияқты елдерден келетін болса, қазір ішкі сұранысты қамтуға мүмкіндік туып отыр.

- Сіз өңірлерге шығып тұрасыз, халықпен араласасыз. Халық нарық экономикасы қоғамында өмір сүруге бейімделе түскен сияқты. Сіз қалай ойлайсыз? 

- Доллар бағамының өсуі, сол секілді мұнай бағасының да жоғары не төмен түсіп кетуі дүниежүзілік құбылыс болған соң, оларға көзіміз де үйрене бастады. Соңғы жылдары теңгенің тұрақтылығын сақтау бағытында көп жұмыстар жасалды. Айталық, он шақты жыл бұрын банкілер азаматтарға несие бергенде, доллар бағамымен есептейтін еді. Ал кейін доллар өсіп кеткенде, азаматтарға ауыр тиіп жататын-ды. Қазір банктер несиені теңгемен береді және оны өтеу барысында доллар бағамының көтерілуі не төмен түсуі ешқандай әсер етпейді.

Бүгінгі таңда әлемнің біраз елдері доллардың тікелей ықпалынан кету бағытын ұстанып отыр. Соның ішінде біздің ел де осындай қадамдар жасауда. Қазір біздің азаматтарымыз банкілерден несиені теңгемен алады. Ауыл шаруашылығы саласындағы несиелер бұрын 20 пайыздық өсіммен берілген болса, қазір оның көлемі 12 пайызға дейін төмендеді. Бұл шағын шаруашылықтарды ынталандырып, олардың өз істерін жандандыра түсуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұрын берілетін микронесиенің көлемі 3 млн доллар шамасында болған еді, қазір 7 млн долларға дейін алу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бірақ теңгемен беріледі. Сонымен қатар ел азаматтарының депозитке салған қаражатынан да оң өзгерісті көруге болады. Депозиттегі қаржының 70 пайызы теңгемен салынған. Бара-бара теңгенің үлесі де, рөлі де артады деген сеніміміз мол.  

- Өңірлерді дамыту жөнінде не айтар едіңіз?

- Алдағы уақытта өңірлерде заманауи өндіріс орындарын ашу, шетелден жаңа технологияларды алу, кәсіпорындарға білікті жастарды тарту мәселесі өткір қойылып отыр. Бізге орта деңгейдегі әртүрлі саланың білгір мамандары қажет. Шетелден қымбат бағаға әкелінген технологияны өзіміздің жастарымыз меңгеруі тиіс. Өскелең ұрпақ заман көшінен қалып қоймауы керек. Өйткені бүгінде кәсіпорындарда орнатылған құрал-жабдықтардың бәрі электронды технология. Ал оны біздің жастар білмесе, ісіміз алға баса ма?! Біріншіден, жастарды өзіміз оқытып, дайындауымыз керек. Екіншіден, заманауи технологияны меңгеру үшін оларды не шетелге жіберіп оқыту, не шетелдіктерді бізге шақыру арқылы оқытуымыз қажет.

Соңғы кезде әлемде жасыл экономикаға да баса мән берілуде. Осы бағытта ғылымда ашылып жатқан жаңалықтар да аз емес. Соның небір кереметтері келер жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмеде әлем назарына ұсынылатын болады.

- 2017 жыл да келіп қалды. Жаңа жылда ел алдында жауапты міндеттер тұр. Елдің экономикасы қалай өріс алады, қандай бағытта дамиды?

- Экономиканың дамуы тұрақты деңгейін сақтайды деп ойлаймын. Өйткені ол үшін алдын ала жасалған бюджет жоспары бар, экономикалық болжамдар бар.

Ал енді өзім ауыл шаруашылығы саласының маманы болған соң, осы бағытта қандай істер атқарылғалы тұрғандығын айтып берейін. Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі нақты бағдарламалар ұсынып отыр. Ел азаматтарын еңбекке тарту арқылы және шетелден әкелініп жатқан жаңа технологияларды меңгерудің нәтижесінде біраз жетістіктерге жету мақсаты көзделуде. Аталған министрлік 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарлама дайындап, ұсынуда. Соның негізінде елімізде ауыл шаруашылығын қолдауға қомақты қаржы бөлінеді. Азық-түлікпен ішкі сұранысты ғана қамтумен шектелмей, сапалы өнімді шетелге де шығаруға басымдық беріледі. Жаңа жыл ауыл еңбеккерлеріне үлкен серпіліс әкеледі деген сенімдемін. Жаңа жылымыз әр отбасына толайым табыс, молшылық пен қуаныш сыйласын деп тілеймін.

- Рақмет әңгімеңізге.