17:06, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Өскемен әкімі қалалық депутаттар алдында есеп берді
ӨСКЕМЕН. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Бүгін Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Әділғазы Бергеновтің қатысуымен қалалық мәслихаттың кеңейтілген сессиясы өтті, онда қала әкімі Темірбек Қасымжанов есепті баяндама жасады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Қала әкімі депутаттар алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған басым бағыттарын шешуге бағытталған он бір қалалық бағдарламаның орындалуы туралы есеп берді. Ол дағдарысқа және инфляцияға қарсы қала атқару билігі қолға алып отырған шаралар туралы айтып берді. Оның айтуынша, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін шаралар жоспары жасалған, онда аймақтың өз өнімдерін шығаруды ұлғайтуға, серпінді жобаларды жүзеге асыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге ерекше маңыз беріліп отыр. «Біз қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, оның қауіпсіздігін арттырғалы отырмыз. Тұрғындарды жұмыспен қамту жөнінде белсенді жұмыс жүргізілуде. Биыл 48020 адамды қала кәсіпорындарына орналастыруды жоспарлап отырмыз, тағы 1250 адамды қоғамдық жұмыстарға тартамыз, бизнес-инкубатор құрылуда, мектепке дейінгі балалар мекемелерін кеңейтеміз, ал салық түсімдерін ұлғайту үшін жер сату аукциондарын көптеп өткіземіз», - деп атап көрсетті Т.Қасымжанов. Қала әкімінің айтуынша, жұмыс орындарын жаппай қысқартуға жол бермеу үшін ірі және орта бизнеспен әлеуметтік әріптестік нығая түспек. Сондай-ақ бағаны ұстап тұру, тұрмысы төмен жандарды қорғау, қала тұрғындарын бұқаралық спорт шараларына тарту, азаматтық институттарымен белсенді ынтымақтастық бағытында бірқатар келелі жоспарлар бар.
Кезек күттірілмей шешетін проблемалардың ішінде сумен жабдықтау жүйелерін жаңарту жұмыстары аталып өтті. Ертістің екі жағалауындағы кәріз коллекторын жаңартуға биыл 135 млн. теңге қарастырылып отыр.