Өскемен дәмханасындағы жаппай улану: Полиция қылмыстық іс қозғады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемендегі дәмханалардың бірінде өткен мерекелік шараға келгендердің жаппай жедел ішек инфекциясымен ауруханаға түсуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Алдын ала дерек бойынша, дәмханада өткен мерекелік шараға 200-ге жуық адам қатысқан. Алайда олардың ішінде нақты қанша адам уланғаны белгісіз.
- Дәмхана қызметкерлерінің жалпы саны – 17 адам. Олардың тек сегізінде ғана медициналық кітапша болғаны анықталды. Мамандар дәмханаға жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, зертханалық сынамалар алды, - деп хабарлады қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан.
Ал полиейлер дәмхананы уақытша жауып, мөрледі. Жаппай улану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 304-бабына (Санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында науқастардың тұрғылықты жерлерінде де қосымша зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде мерекелік шараның соңы жаппай улануға ұласқаны хабарланған.