Өскеменде Абай мен Пушкин ескерткіштерінің ашылуына арналған шығармашылық конкурс ұйымдастырылды
ӨСКЕМЕН. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Өскеменде Ұлы Абай мен Пушкинге арналған екі іс-шара жоспарлануда.
Облыс орталығында екі халықтың, қазақ пен орыс халқының осынау айтулы екі тұлғасына арналған екі ескерткіш тұрғызылуда. Тамыз айының ортасында қаладағы орталық алаңда - Абай ескерткіші, облыстық кітапхана ғимаратының алдында - Пушкин ескерткіші ашылады. Ескерткіштердің ашылу құрметіне орай Өскеменде ақындардың шығармашылығына арналған конкурс өткізілуде. Оған ұсынылған 300 жұмыстың 80-і - екінші кезеңге іріктеліп алынып отыр, олардың ішінде эссе, проза, өлең, поэма, лирикалық ойлар, суреттер, т.б. туындылар бар. Конкурстың қорытындысы тамыз айының екінші жартысында шығарылады, ал жеңімпаздар ескерткіштердің ашылу күні марапатталады.
ҚазАқпарат тілшісіне қалалық білім бөлімінің бастығы Александр Кузнецов хабарлағандай, бұл конкурсқа қала жұртшылығы ұйытқы болып отыр, себебі Өскеменде Абай мен Пушкинге арналған ескерткіштердің ашылатындығы туралы хабар қала тұрғындарының тарапынан қызу қолдауға ие болды. Қаладағы барлық кітапханаларда ұлы ақындарға арналған тақырыптық көрмелер өткізілуде. Қазылар алқасы іріктеп алған үздік жұмыстар журналдарда, газеттерде жарияланады, бөлімнің сайтына орналастырылады, деді А.Кузнецов.