Өскеменде ауаға тараған 3 зиянды заттың мөлшері шекті деңгейден асып кеткен

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ауаға тараған үш зиянды зат мөлшері рұқсат етілген шектен асып кеткені анықталды.

Өскеменде ауа сапасын бақылайтын мобильді зертхана іске қосылады
Фото: Өскемен тұрғындарынан

«Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметіне сүйенсек, 16 ақпанда Өскемен қаласында атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізілді. Соның нәтижесінде, 3 зиянды заттың мөлшері шекті деңгейден асып кеткені анықталып отыр.

– Нақты айтқанда, күкірт диоксиді 2,973 есе, көміртегі тотығының мөлшері шекті нормадан 1,885 есе, ал күкіртсутек бойынша 1,688 есе асқан. Бұл күні қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан. Осындай кезде әдетте жел соқпай, ауаның ластану деңгейі жоғары болады деп күтіледі, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, желсіз күндер қалада ертең де жалғасады. Екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдайлар 17 ақпан сағат 08.00-ге дейін созылмақ.

Еске салсақ, Өскеменде ауа сапасының бұзылуына байланысты оқушылар ертең тағы да мектепке бармайды.

Осыған дейін маңғыстаулық экологтер аққулардың өліміне қатысты зерттеу нәтижесін жариялағаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум